BANNER

Мемлекет басшысы Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні қабылдады

akorda.kz

Президент Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Халықаралық Түркі академиясының атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары туралы баяндалды. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойлары аясында халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жоғары деңгейде өткізілетін іс-шаралар жайлы мәлімет берілді.

Сонымен қатар Президентке Халықаралық Түркі академиясы шығарған «Түркі әлемі атласы» мен бес мың жылдық антропологиялық тарихымызды баяндайтын кітаптар таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Түркі академиясының бастамаларына жоғары баға беріп, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.