"Сепе-1" ЖШС басшысы Ғалымхан Саханов мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында Ақмола облысындағы фермерлер үлкен мәселеге тап болғанын мәлімдеді. Айтуынша, ақбөкендер табыны ауылшаруашылық жерлеріне жаппай кіріп, егінді таптап жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ғалымхан Сахановтың айтуынша, осымен бесінші жыл фермерлер егістікті ақбөкендерден қорғай алмай отыр. Облыстың үш ауданында ақбөкендер 300 мың гектардан астам аумаққа миллиардтаған шығын келтірген.
“Біздің шаруашылықта шамамен 20 мың гектар жер бар. Бесінші күн, 10 автокөлік пен мотоцикл экипажы жануарларды егістіктен шығарып, егінді сақтауға тырысып жатыр. Адамдар мүмкіндіктерінен тыс, таңнан кешке дейін рульде жұмыс істейді. Мыңдаған ақбөкендердің табынын көлік те, дыбыстық сигналдар да, өзен де тоқтатпайды. Бізді нанмен қамтамасыз ететін шаруалар бүгінде мемлекеттік маңызы бар мәселені шешуге міндетті. Олар дәрменсіз халде”, – деді ол.
Саханов ақбөкендердің популяциясын бақылауды бастау уақыты келді деп санайды. Атап айтқанда, экологиялық таза және қолжетімді ет алу үшін, сондай-ақ мүйізін пайдалану үшін ересек еркектерін сою ұсынылды. Ол сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігіне егістіктерді қоршау үшін арнайы қоршаулар шығаратын кәсіпорын ашу туралы ұсыныс жасады. Мұндай қоршауларға фермерлерге жеңілдікпен несие беру ұсынылады.
Тағы бір бастама – ақбөкендердің жыл сайынғы көші-қонын есепке алу жүйесін енгізу. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне табындардың жүріп-тұру маршруттары және олардың келу мерзімдері туралы алдын ала хабарланады. Бұл шаруаларға дайындалуға көмектеседі.
Депутат Павел Казанцев осы мәселеге қатысты
"Қандай ұяты бар елміз. Желіде бір-екі сайғақ өлсе, бізді жерден алып, жерге салады. Қазір нағыз төтенше жағдай болып тұр. Ал біз еш әрекет жасамай, ғылыми негіздемелерді сылтаурап отырмыз. Бұл – нағыз соғыс. Ауылдағы әріптестеріміз не айтып жатқанын тыңдайықшы. Біз миллиардтаған халық қаржысын осы шаруалардың шығынын жабуға жұмсап жатырмыз. Бұл – тіпті соғыс емес, шайқас. Оған тез араласуымыз керек. Біз болсақ белгісіз анықтамаларға қарап, үнсіз отырмыз, бұл – ұят", – деді Казанцев.
Казанцевтің пікірінше, сайғақтардың санын азайту үшін "генштаб" керек. Ол сайғақтардың өлексесін тәулік бойы егістіктен мұздатқыш контейнерлермен тасып, ет комбинаттарына жеткізуді ұсынды. Сондай-ақ, депутат "мылтығыңды алып, шық та ата бер" – деп жеке адамдарға сайғақтарды атуға рұқсат беруді ұсынды. "Мұндай соғыстағы жеңіс үшін" Казанцев тіпті заңды бұрмалай тұру керек деп санайтынын жеткізді.
"Егер генштаб болса – қарсы тұрамыз. Генштаб болмаса – онда біз тек маңырап, сөйлеп, шешім қабылдайтын, бірдеңе жасап жүргендей көрінетін тобырмыз.
"Қорытындыласақғ бірінші мемлекеттік ату болсын. Бірақ ол – теңізге тамған тамшыдай болады. Екіншіден – жеке адамдар да ата алуы керек. Адамдарға неге тегін ет бермеске? Интернетке қарап көрсем, мен аспаз болмасам да, бұл жануардан консерві жасау түк емес. Мен бала күнімнен сайғақтан жасалған консервілер болғанын жақсы білемін. Неге қазір оны дайындамайды?
Фермерлеріміз осы жүйеден қажып отыр. Заң кедергі келтіріп тұр ма? Иә, мүмкін. Бірақ төтенше жағдай кезінде заңды да біршама өзгертуге болады ғой. Қажет болса – президент жарлығын да шығару керек. Белгілі бір уақыт аралығында әрбір ауыл тұрғындары мотоциклмен "бипілдетіп" жүріп сайғақтарды үркітпей, мылтығын алып, нақты нұсқаулықпен далаға шығып, ата беруі керек. Бұл жерде ешқандай қорқатын нәрсе жоқ", – деп мәлімдеді Казанцев.