Бүгін Бұқар Жырау ауданының Доскей кентінде медицина қызметкерлеріне қызметтік пәтер кілттері табысталды. Салтанны шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
«Ең алдымен баршаңызды алдымызда келе жатқан үлкен мейрам ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамыммен шын жүректен құттықтаймын. Осындай мерекенің қарсаңында үлкен тағыда бір қуанышты оқиғаның куәсі болғалы отырмыз. Жалпы мемлекет басшысы, облыс басшылығы медицина саласының дамуына мән беріп, көңіл аударып келеді. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса осы ақ халатты абзал жандарға жүгінеміз.Ажалдан арашалап қалатын да осы дәрігерлер қауымы.Бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұдан кейін де медицина саласы қызметкерлеріне қолдау көрсетілетін болады», - дейді Ерлан Бейсембайұлы.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында үйлі болғандардың қатарында облыстық емханалар жас дәрігерлері мен медбикелері, сондай-ақ Бұқар жырау ауданының орталық ауруханасы мен қалалық денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де бар. Барлығы 40 отбасыға жаңа тұрғын үйдің иесі атанды.
Екі баланың әкесі Шахрух Туламетов жалпы тәжрибе дәрігері. Бұған дейін олар жалдамалы пәтерде тұрған. Оның айтуынша, нарық заманында жас отбасыларға баспана жалға алу қиын, бағасы едәуір қымбаттаған.
«Бұл біздің саладағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу бағытындағы өте тиімді бағдарлама. Себебі жас отбасыларға пәтер жалдау қиын. Жалдамалы пәтердің бағасы қымбат. Осындай қолдау көрсеткен аймақ басшылғына отбасымыздың атынан алғыс айтамыз», – деді Қарағанды қаласы №4 емханасының жалпы тәжірбие дәрігері Шахрух ТУЛАМЕТОВ.
Медицина қызметкерлеріне берілген пәтерлер отбасы мүшелерінің санына байланысты бір, екі және үш бөлмелі. Тұрғын үйлер қазірдің өзінде ас үй жиынтығымен, корпустық және жұмсақ жиһаздармен жабдықталған. Биылғы жылдың соңына дейін Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы медицина саласындағы тағы 100 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етпек.
Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ