BANNER

Президент Темірғали Көкетаевтің отбасына көңіл айтты

ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, физика-математика ғылымдарының докторы, ғасыр адамы Темірғали Көкетаевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Академик, физика-математика ғылымдарының докторы Т.Ә.Көкетаевтың отбасы мен жақын туыстарына көрнекті ғалым, академик Темірғали Әбілдаұлы Көкетаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын.

Темірғали Әбілдаұлы бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған парасатты тұлға еді. Әйгілі Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақ ғалымы ретінде есімі ерекше аталды. Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі жол қалдырған, зерделі шәкірттер тәрбиелеген Темірғали Әбілдаұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!», деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, 18 тамыз күні Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымы, профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Темірғали Көкетаев 87-ге қараған шағында өмірден өтті.