Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімі жүзеге асырып жатқан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Приозерск қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кездесу өткізілді.
Кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету саласында еңбек ететін мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру және адалдық қағидаттарын нығайту.
Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары түсіндіріліп, жемқорлықтың алдын алу жолдары талқыланды. Сондай-ақ, халықпен тығыз жұмыс жасайтын қызметкерлердің этикасына, ашықтық пен жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Мұндай іс-шаралар азаматтардың мемлекеттік мекемелерге деген сенімін арттыруға және қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.