BANNER

"QNet" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды

Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Қызылордада "QNet" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды және олардан 301 миллион теңге активтер тәркіленді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

ҚР ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, "QNet" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды.

Тергеу Қызылорда облысы бойынша ҚМА департаменті жүргізді.

Күдіктілер азаматтарды көп деңгейлі маркетингтік желі мен электронды коммерцияға инвестиция салуға, оның ішінде "QVI tripsaver" жалған саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға үгіттеген.

Қатысушылардың салымдары 840 мыңнан 4 млн теңгеге дейін ауытқып, міндетті шарт ретінде басқа қатысушыларды тарту талап етілген. Нәтижесінде қаржы пирамидаға 51 адам қатысып, олар 63 миллион теңгеден астам қаражат салған, - делінген ақпаратта.

Сот шешімімен пирамида ұйымдастырушылары кінәлі деп танылып, 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот шешімімен 301 миллион теңге құны бар Астана қаласынан 7 пәтер және "Toyota Camry" автокөлігі тәркіленді, - деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.