BANNER

РАМАЗАН – ӨЗГЕРІСТЕР МЕЗГІЛІ

muftyat.kz

Рамазан – рухани мектеп, жыл бойына қуатталатын аялдама. Адам осы айда болмаса, қашан есін жиып, ойланып, түсініп, өзгереді?! Рамазан – Жаратушы Алланың заңдарына қайшы келген іс-әрекетімізді, мінез-құлқымызды өзгертетін мезгіл. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында (Алла) қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді. ...» («ар-Ра'д» сүресі, 11 аят), деп ескертеді.

Ораза бойымызға сабырлық, жанкештілік және қанағатшылдық сияқты ұстанымдарды сіңіреді. Ораза ұстау арқылы, жоқшылық пен аштықтың не екенін сезініп, бұл қиындықтарға табандылықпен төтеп беруді үйренеміз. Рамазан айы сияқты сынақ кезеңінде ғана біз бұл өмірдегі мұқтаж адамдардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын шынымен түсіне аламыз.

Алла Тағала бізге мейірімін бөледі деген үмітпен, біз де бұл мезгілде ерекше мейірімділік танытуымыз керек. Рамазан айында мұсылмандарға жүктелетін пітір, підия және зекет әлеуметтік жағдайы төмен жандардың мұң-мұқтажын түсініп, оларға шынайы жанашырлық танытудың бірден-бір жолы. Рамазан оразасы бізге салауатты бейімделу және уақытты басқару өнерін меңгеруге мүмкіндік береді. Осы өзгерістерді енгізу арқылы адамдар табиғи түрде жаңа жүйеге, жаңа кестеге бейімделіп, жаңа ережелер бойынша өмір сүреді.

Бұл ай бізге шынайы сүйіспеншілік сезімін ұялатады, өйткені біз Аллаға деген терең сүйіспеншіліктің нәтижесінде ораза тұтамыз. Аштық – Рамазан айында бастан кешіретін ең күшті фактор. Шамадан тыс тамақтану, аз тамақтану немесе зиянды тағамдарды ішіп-жеу арқылы біз оразаның күші туралы көп білмейміз. Адам өзінің қалаған нәрсесінен әдейі бас тартқан кезде, ол санасын тәнінен, ақыл-ойы мен ерік-жігерін құмарлықтардан жоғары қояды. Өз қалауларына үстемдік ететін, оларды өз қалауынша жұмыс істеуге мәжбүрлейтін адам кемелдікке ие болады.

Рамазан айын адамгершілік пен рухани өсудің құралы ретінде пайдалану керек. Ең көп пайда алу үшін бұл айды алдын ала жоспарлау маңызды. Күніне 5 уақыт намазды бірге оқуға саналы түрде күш салып, нәпіл (қосымша) намаздарды оқуға, түнгі намаздарда (тарауық) сергек тұруға және пайдалы, құнарлы тағамдарды жеуге тырысуымыз қажет. Рамазанды барлық жаман әдеттерімізді тастап, шыншылдық, адалдық, өзгеге сыйластық, құрбандық пен жомарттық арқылы мінез-құлқымызды жақсартуға тырысатын мезгілге айналдыруымыз керек.

Ораза кезінде қарапайым адами қажеттіліктерден және әсіресе шектен шығудан толық бас тарту мұсылмандарға иманының беріктігін растауға, өзін-өзі бақылауды үйренуге және рухани тазаруға ықпал етеді деп саналады.

Табандылық – табыстың кілті. Сол себепті, жұмыс, үй шаруасы немесе өзге де міндеттеріңізге зиян келтірмей, Рамазан айын барынша тиімді өткізіңіз.

Қорыта келе ораза жанымызды, сезімімізді, санамызды тәртіпке келтіріп қана қоймай, өміріміздің әртүрлі аспектілерін жан-жақты өзгертуге мүмкіндік береді.

Алла Тағаладан келе жатқан Рамазан айын баршамыз үшін берекелі әрі пайдалы етуді сұраймыз. Әмин!

                                                                                                                                                    muftyat.kz