Сан қырлы талант әлеміне саяхат

Ашық дереккөз

Амал мерекесінде «90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасы аясында М.Әуезов атындағы қалалық кітапханаға жиналған қарағандылықтар Мәдениет және театр қайраткері, жазушы-драматург, режиссер Аманолла Шайбековпен кездес­ті. Режиссер Амал мерекесіне орайластырылған кешінде оқырманымен қол алысып, көрерменін қарсы алды.

Жазушы-драматург өнеріне қолдау білдіріп келген көрерменге 50-ге тарта әні кіріктірілген «Айға айналған махаббат» әндер жинағын тарту етті. Кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков, Шет ауданының Құрметті азаматы Әділ Бакиров, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Ниханбай Омарханов сөз алып, есте қалған ерекше естеліктерімен бөлісті.

– Өнерге жаны ашитындар азайып барады. Ән мен жырдың өлкесі Ақтоғайдың перзенті Аманолла Шайбеков тоқырау жылдарында руханиятымыздың бір пұшпағы – халық театрын көтеруде ерлікке бергісіз еңбек сіңірді. Өнер саласында, әсіресе, ауыл мәдениетін көтеруде Аманолла секілді азаматтардың орны ерек. Аудан, ауылдарды аралап жүріп, Ақтоғайға жол түскенде Әлжаппар Әбішевтің «Найзағай» романының желісі сахналанған қойылым маған ерекше әсер етті. Мәдидің бейнесін сомдаған әртістің шеберлігі есімнен кетпейді, – деді Кеңес Жұмабеков.

Кездесуде «Судыр Ахмет» атындағы рес­публикалық сатириктер сайысында­ғы бас жүлде иегері Аманолла ағаның «Мұғалім» сатирасы әдеби қауымды елең еткізді. «Мұғалім мен оқушы» шығармасын орындаған автор, әзіл-шыны аралас қойылымымен жиылған жұрттың көңілін көтерді.

– Аманолла Шайбеков тамаша режиссер ғана емес, сахна тілін, шеберлікті, режиссураны үйрететін бірнеше кітаптардың авторы. Еңбектері көпшілік тарапынан қолдау тауып, республикаға насихатталуы тиіс, – деді Мәдениет қайраткері Дунай Еспаев.

Кездесуде Аманолла ағамен Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде бірге қызмет атқарған Нұрлан Күлшікенов әріптесінің шығармаларының негізгі түйіні өнерді ұлықтау екенін атады. Әсіресе, Ақтоғай өнерін және Орталық Қазақстан өңірінде өмір сүрген «Дала данышпандарын» дәріптеп, республика көлеміне танымал етудегі еңбегіне ерекше тоқталды.

– Аманолла ағамен қатарлас қызмет атқардық. Ауыл мәдениетінің дамуына үлес қостық. Өнердің түрлі саласында сеніп тапсырылған қандай да болмасын міндетті абыроймен атқарды. Бүгінде облыстың тарихи тұлғалары туралы тарихи тәлімдік насихат жүргізеді. Сондай-ақ, ол сазгер әрі режиссер, сценарист, сатирик және сахна өнерінің зерттеушісі. 1990 жылдары Семей, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды және Жезқазған, Алматы, Жамбыл облыстарындағы ауылдық жердегі мәдениет ошақтарын сақтауды көздеп, насихат жүргізгенін білесіздер, – деп атап өтті Нұрлан Күлшікенов.

Кеште автор өзінің «Сарқылмас сырлы Сарыарқа» кітабына тоқталды.

– «Сарқылмас сырлы Сарыарқа» танымдық романы Орталық Қазақстан жерінде өмір сүрген және өмір сүретін белгілі Орта жүз ішіндегі Арғын атасынан бөлініп шығатын ата бабалар тарихына арналған. Кітап әдеби көркем тілде жазылған, – деді Аманолла Ақторғайұлы.

Оқырмандар сан қырлы өнерпаздан гитарада ән шырқауын сұраса, үзеңгілестері қызмет барысындағы қызықты естеліктермен бөлісуді құп көрді. Театр өнеріне қызығушылық танытқан жастар автордың сахна тілі жайлы сараптап жазған кітаптарына қызықты.