Үкімет биыл шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Осыған орай қосымша 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Елімізде соңғы жылдары шегірткелердің таралуының ұлғайғаны байқалады:
2020 жылы – 514 мың га;
2021 жылы – 626 мың га;
2022 жылы – 975 мың га;
2023 жылы таралу алаңы 1 585 мың га болады деп болжанғанымен, іс жүзінде 1 616 мың га өңделді.
2023-2024 жылдарға шегірткенің жаппай таралуының 11 жылдық циклінің үдемелі кезі сәйкес келеді.
Биыл республикалық бюджеттен 1 270,6 мың га алаңды өңдеуге 4,2 млрд теңге бөлінген еді. Алайда, 2024 жылы нақтыланған жалпы болжам бойынша шегірткенің таралу алаңы ұлғайып, 2,5 млн га құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, шамамен 1 млн гектарға артық.
Бөлінген қосымша қаражат 1,3 млн га алаңда зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.