Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың отбасына меценаттың берген қаржысына үй салынатын болды. Мұны оның адвокаты айтты, деп хабарлайды Life09 ақпараттық агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы құқық қорғаушы Айтбек Амангелді айтты.
– Қаржаубайдың отбасы үшін үй меценаттың қаражатына сатып алынады, ал Перизаттың жинаған ақшасы бұл мақсатқа жұмсалмайды. Біздің бұл жинаққа қатысымыз жоқ болғандықтан, оның реквизиттерін білмейміз. Қазіргі уақытта пікірлерде әртүрлі реквизиттер пайда болуда, алаяқтық әрекеттерге жем болып қалмаңыздар. Реквизиттерді нақтылау үшін ақпаратты тікелей Перизатқа хабарласып алуға болады. Бұл жинақтың мақсаты бізге белгісіз. Перизат ешқандай қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып табылмайды және ол біздің сенім білдірушіміз немесе қамқорлығымыздағы тұлға емес. Оның өз адвокаттары және қоғамдық қайраткерлері бар. Осы жинақты бізбен және Қаржаубаймен байланыстырмауларыңызды сұраймыз, – дейді құқық қорғаушы Айтбек Амангелді.
Айта кеткен жөн, Шерзат Болаттың әкесінің үйі былтыр қазан айында өртеніп кетті. Өрт сөндіру қызметінің жедел әрекетіне қарамастан үй толығымен жанып кеткен. Кейіннен үйдің сыртынан канистр мен резеңке қолғап табылған еді. Ресми дерекке сенсек, әлі күнге дейін үйді өртеген күдіктілер ұсталған жоқ.