Мәжіліс отырысында депутат, заңгер Абзал Құспан Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс қашан сотқа жіберілетіні туралы айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін Абзал Құспан арнайы Талғарға барып, бұл іс бойынша полиция және прокуратура өкілдерімен әңгімелескен.
"Өткен жылдың желтоқсанында бізге "Қаңтар айының соңына дейін қылмыстық істі аяқтап, сотқа жібереміз" деп айтылды. Іс бойынша күдіктілердің бәрі қамауда, олардың әрқайсысына қатысты құқықтық баға берілген. Әзірге ақпарат – осы. Менің ойымша, келесі аптада болмаса, одан кейінгі аптада іс сотқа жолдануға тиіс. Прокуратура органдары сот алдында осы іске қатысты брифинг өткізеді. Бұл маған жеткізілген ақпарат", – деді Абзал Құспан.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері қылмыстық іс 2024 жылдың соңына дейін сотқа жіберілуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Журналистер Абзал Құспаннан мұның неге жүзеге аспағанын сұрады.
"Тергеу барысында қиындықтар болады. Мен де прокуратура органдарында қызмет атқардым, адвокат болдым. Кейбір жоспарлар орындалмай жатады. Себебі, мысалы, тергелуге тиіс куәгер келмей қалады. Сарапшылар маңызды сараптаманы уақытында аяқтап үлгермейді. Ал ол куәгер болмаса немесе сараптама нәтижесі шықпаса, іс сотқа жіберіле алмайды", – деп түсіндірді Абзал Құспан.