BANNER

Театр тарланы Кеңес Жұмабеков “Қазақстанның халық әртісі” атағын алды

Фото: egemen.kz

Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы «Балдәурен» балаларды оңалту орталығы» КМК директоры Ш.Абесов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы С.Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды.

«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды:

«Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

t.me/aqorda_resmi