BANNER

Түн жыры

Ашық дереккөз

Түн еді.

Кеткен Күн сүңгіп...

Түн еді - марғау, еріншек.

Сезінді кенет бір сұмдық

Ұйқылы-ояу келіншек!

 

Түсі ме:

Оның... жоқ үні,

Қолы жоқ қара шашында -

Жарының жылы орыны

Суынып қапты қасында.

 

Сипалап көрді қарманып,

Жүрегін шымшып сан күдік:

Түн ортасында сандалып,

Қай жаққа кеткен қаңғырып?

 

Тұрды атып!

Ес жоқ әйелде!

Көз алды - түнек... көрінбей..

Сезімтал бар ма әлемде

Әйелдің жүректеріндей?!

 

Жарқылдап оты жанардың

Жүгірді, тәні - діріл-ді.

Жердегі жатқан Адамның

Бас сүйегіне сүрінді!

 

Түн - қара, түсі - көмір-ді,

Жасырған күнә, айыбын.

Бұған бір пәле көрінді,

Ояту керек қайынын!

 

Таң қалып әйел,сандалып,

Мың күдік мида көшеді.

Жүгірді сорлы қарманып -

Оның да бос тұр төсегі!

 

Зауалдың ойран шағы - бұл,

Жүгірді, тәні - діріл-ді.

Жердегі жатқан тағы бір

Бас сүйегіне сүрінді!

 

Құдайдан күтті қайырым,

Аруақтарын ауызға ап:

Күйеуі менен қайынын

Кетіпті біреу бауыздап!

 

Түн жұтып шыдам-тағатын

Жүрді естен танып сол кезбе.

Қара түн әлі қанатын

Жимаған еді ол кезде.

 

Қарманып жүріп бос тамды,

Көңілден көшіп ұйқы абат,

Басы жоқ жетім қос тәнді

Ақыры тапты-ау сипалап...

 

Ол - ессіз!

Бейбақ ол бүгін,

Тұтқыны азап - түрменің.

Есінен танған сорлының

Қараңыз не істеп жүргенін:

 

Әйелде дегбір қалмады,

Қайғысын шерлі қосты әнге.

Қос басты әкеп жалғады,

Жердегі жетім қос тәнге.

 

Жүрегі тулап аһ ұрып,

Үмітті жаны малдана,

Жалғыздан-жалғыз отырып,

Жалынды зарлап Аллаға.

 

Зымиян, тілсіз қара түн,

Әкелмек оған тағы не?..

Қара түн тылсым қанатын,

Жимаған еді әлі де.

 

Аллаға айтқан арыз ғып;

Азаның бар ма төлемі?

Айтатын Атам аңыз ғып,

Мінеки, соның өлеңі:

 

«Өмір бер, Тәңірі, еркіңмен

Тіршілік қозғап қанына -

Күнәһар жандар өлтірген,

Күнәсіз боздақтарыма!» -

 

Басқа ылаж сонда қалмаған -

Жалынды!

Үні зарлы еді.

Әйелдің тілін алмаған,

Әлемде пенде бар ма еді?!

 

Жалынып жайса жүрегін,

Қанышер келіп қандаған,--

Тәңірі оның тілегін

Тәрк етіп тастай салмаған:

 

Болмапты әуре бос боздап,

Белгісіз - нендей себептен -

Ұйықтаған жандай қос боздақ

Оянып кетті кенеттен!

 

Тауысып шыдам-тағатын,

Бөлмеге аппақ нұр жағып,--

Қара түн жиып қанатын,

Таң кіріп келді ұрланып:

 

Шыңғырды әйел!

Жан үні

Естілді тіпті әріден:

Жарының басын таныды -

Қайнының қыршын тәнінен!

 

О, зауал!

Ұқпас мәнін де:

Көзінен аққан жасы құр -

Жарының жарқын тәнінде

Қайын баланың басы тұр!

 

Осы да, ойбай - тірі ме?

Зауал түн!

Сайтан!

Сайқал-ай!

Бірінің басын біріне

Кигізіп қойған байқамай!

 

Орны ауысып жер-көктің,

Талады күдік арын кеп:

Осынау екі еркектің

Қайсысын құшпақ «Жарым!» деп?

 

...Жер-анам!

Келем еңбектеп,

Қойныңды ашшы, шошымай.

Сені де талай жендет кеп

Кескілеп кетті -

Осылай!

 

Бөлінген адам құлдыққа,

Бөленген үлде-бүлдеге,

Бөлінген үйге,

Құрлыққа,

Бөлінген түрге,

Түрмеге!

 

Тағылық неткен көп еді!

Бас та көп,

Бастан қылыш көп.

«Батыс!» - деп біреу бөледі,

Бөледі біреу: «Шығыс!» деп.

 

Сыймайды жұрттың бастары

Өш олар, неге кекті олар?!

Быт-шыт қып бөліп тастады

Геттолар менен секталар!

 

Үмбетің едім мен Сенің,

Сүтіңе ернім шөлдейді.

«Жер-Анам жалғыз!» - деуші едім,

Ел маған бірақ көнбейді.

 

Секталар шулап қырғынмен,

Геттолар жатыр атысып.

Сол әйел құсап тұрмын мен,

Есімнен танып,

Шатысып...

 

Серік Ақсұңқарұлы