Түркістан облысында Қасым, Жомарт, Кемел атты үшем дүниеге келді, - деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Келес ауданы Абай ауылының 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанды.
Көптен күткен ұлдарына Қасым, Жомарт есімдері, қыз балаға Кемел есімі берілген. Түркістан облысында өмірге келген үшем бүгін отбасымен қауышты.
Әкімдік мәліметінше, Қасым, Жомарт, Кемел - Мыңжасар отбасының көптен күткен қуанышы. Гүлназ Мыңжасар мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 33-ші аптасында босанған. Көпбалалы анаға ота жасалған. Әкесі Бақыт Мыңжасар құрылыста жұмыс істейді. Ал анасы жұмыссыз. Балалардың есімін анасы қойған. Үшем шала туған, балалардың салмағы 2000 грамм шамасында.
"Ота жасаған және жалпы №1 перинатальдық орталығының акушерлік блогына алғысымды білдіремін. Медициналық мекемелерде қолайлы жағдай жасап, заманауи жабдықтармен қамтамасыз еткені үшін және мамандардың жоғары кәсібилігі үшін алғысым шексіз. Есімдерін Президентіміз сияқты үлкен азамат болсын деген ырыммен Қасым, Жомарт, Кемел деп қойдық", - деді үшемнің анасы.