Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова халыққа үндеу жасап, тарихымызды танытуға шақырды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Stan.kz -ке сілтеме жасап.
Алдымен өнер иесі балалық шағынан сыр шертіп, қонақжайлықты сөз етті.
“Қонақ келе жатыр, үй жинаңдар!" Бала күнімнен білетінім, үйге қонақ келерде айналаны айнадай қылып, жалтыратып қоятынбыз. Анам арнайы ыдысын шығарып, дастарқанға бар тәттісін үйіп-төгетін. Бәріміздің үстімізге әдемі киім кигізіп, шашымызды тас қылып өріп қоятын. Келген қонаққа біздің тек жетістігімізді баяндап, реті келсе жаттаған тақпағымызды айтқызып, 5 деген бағаға толы күнделігімізді көрсетіп қалатын", – деп бастады әңгімесін киножұлдыз.
Одан кейін актриса былтырғы Тәжікстанның Қазақстанға келіп өткізген жәрмеңкесін есіне алып, бұл жолы ондай ұятты әрекетке жол бермеуге үндеді.
"Айтпағым мынау, 8-16 қыркүйек аралығында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам қонақ келеді. "5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындары" өтеді. Барынша қонақжайлық танытайықшы. Өткенде тәжік жәрмеңкесіндегі жабайылықты ұмыту мүмкін емес. Қазақ деген ұлттың бейнесін көрсететін біз. Мәселен, өзім шет елге барғанда таңданатын бір жайды айтайыншы. Түркияда әуежайдан қонақүйге жеткенше такси жүргізушісі елінің тарихын, қаланың әсемдігін тамсана баяндайды. Ұлы тұлғаларын айтып мақтанады. Сүйсінесің. Сізге жолыққан әр туристтің алдында қазақ деген халықтың бейнесін көрсетіп тұрғаныңызды әрқайсымыз ұмытпайықшы", – деп өтініш айтты өнер иесі.