BANNER

Зауыттағы жалынды сөндіру барысында өрт сөндіруші қаза тапты: Өлімге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Видеодан скриншот

Жетісу облысы Алакөл ауданындағы балық зауытында өртті сөндіруге атсалысқан әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

 

Қайғылы оқиға 10 сәуірде болды. Бескөл ауылында кәсіпорынның шикізат қоймасы мен мұздатқыш камерасы өртенді. Өрт сөндірушілер 700 шаршы метр аумақтағы өртті ауыздықтап, жалынды аммиак контейнерінен басқа жаққа бұра алды.

Өртті сөндіру кезінде кіші сержант Рүстем Серікқалиұлы баспалдақпен қойманың шатырына көтерілді. Өртті сөндіру кезінде шатыр опырылып, ол 3-3,5 метр биіктіктен құлап, ауыр дене жарақатын алған. 28 жастағы ер адам оқиғадан бір тәулік өткен соң ауруханада көз жұмды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

“Әскери тергеу басқармасы әскери қызметкердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаса, департамент өртке қатысты да әкімшілік іс қозғады. Зауыт маңындағы тұрғын үйлерден 200 адам қауіпсіз жерге ауылдық мәдениет үйіне көшірілді”, – деді мемлекеттік департамент басшысының орынбасары Гүлден Ықыласбаева.