BANNER

Жаңа өмір, жаңа күнмен қауышу

Ерасыл Базылов

Қарағандыда тұңғыш рет көрісу күні тойланды. Арқа мәдениетінің ақсарайы атанған Сәкен театрында осыны негізге ала отырып ұйымдастырылған «Амал деген айыңыз…» атты өнер жәрмеңкесінде ел-жұрт есендік сұрасып, арқа-жарқа болды. Ұлттық құндылығымыз шеру тартқан көрме де, Көрісу күні көрініс тапқан театрландырылған қойылым да ерекше әсер сыйлады. Сәні мен салтанаты келіскен кештен көпшіліктің жаны жадырап, рухы аспандап тарқасты.

Бұл өнер мерекесі облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткенін әуел баста айта кеткеніміз жөн. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы да кештің мазмұнды өрбуіне өз үлесін қосты.

Жеті қазына түгенделген көрме жәрмеңкеге жиналған жұрттың көзайымы болды. Белгілі суретшілердің туындыларын тамашалады. Бүркітін балдағына қондырып, тазы жетектеген құсбегі, аңшылармен қуана қауышқан меймандардың жүзінен жылылықты, көзінен далаға деген сағынышты анық аңғаруға болады. Қолөнершілер мен зергерлер өздерінің төл туындыларымен сауда сәнін келтірді. Мәре-сәре күй кешіп жүрген жұртты кеш тізгіншісі, ақын Ерқанат Кеңесбекұлы сахнаға қарай шақырғаны сол еді, ортаға жігіттер «Қарағанды – қайнаған қара қазан, Бастайын мен де шырқап жарапазан», деп әуелете шырқап шығып, Жер Ананың жаңарғанын, жылдың аман жеткенін жырларына қосты.

Мерекелік кездесудің шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қауымды Амал мерекесімен құттықтады.

– Ырымшыл халықпыз ғой. «Ай көрдім, аман көрдім. Баяғыдай заман көрдім. Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деген қазақтың баласымыз. Бабаларымыз бұл күнді ежелден ерекше көрген. Амал мерекесін әз Наурыздың бастауы деп білеміз. Самарқанның көк тасы жібитін, елдің пейілі кеңейетін, дүние кеңейіп, жарықтың молаятын ерекше кезі. Абайша айтсақ: «Қырдағы ел ойдағы ауылмен шұрқырай табысып, көрісетін күн». Бұл, қол алысып, кеуде түйістіретін күн деп ойламаймын. Көңілдің кеңейетін, жоқ-жітікке қарайласатын қайырымдылық айы. Араздың татуласып, алыстың жақындайтын күні. Баршаңызды осы бір мерейлі мейраммен құттықтаймын, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Одан әрменгі құттықтау сөзді құрметті қонақтар жалғады. Ғасыр адамы, белгілі ғалым Темірғали Көкетаев Амал мерекесінің таным мен тағылымына терең тоқталды. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы Арқа жерінде бұл мейрам ертеде тойланғанын, қыстан аман шыққан елдің есендік сұрасатынын айтып, қайта жаңғырып жатқанына батасын берді. Ал Астанадан арнайы келген Ғалым Жайлыбай Қарағанды руханияттың үлкен ордасына айналып келе жатқанына тоқталып, елді сағынып, асығып жеткенін жеткізді. Шайырлар бір-бір өлең оқып, жұртшылықты жаңа жасымен құттықтады. Алматыдан келген жазушы, драматург Думан Рамазан сөзін түйіндей келіп, Қарағандының рухани құндылықты жоғары бағалап жүргеніне ризашылығын білдірді.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылу рәсімінен соң, қонақтар театрдың кіші залына жол тартты. Арқаның жас өнерпаздары мен ақындардың қойылымын көрермен жылы қабылдады. Арқа ақындарының да театрдағы өнері тамаша шықты. Сахнада құрылған киіз үйде ән мен жыр айтылды, күй төгілді, мәртебелі өлең оқылды. Ойын да ойналды.