BANNER

ЖАСАЙ АЛМАЙ ДӘУІРІН, АРМАНДА КЕТКЕН БАУЫРЫМ

Ашық дереккөзі

Мен осы жасымда қолына қалам ұстап, ақ қағаздың алдына келе бастағандардың екі түрін көрдім. Екі тип. Бір біріне, мүлде, ұқсамайтын типтер. Біреуі маған «Мен-ақынмын!»- деген амбициямен келеді. Көкірегі аяқ қаптай. Екі көзінің алдындағыны ғана көргендер,--Құдайдан санасына сәуле түсетін саңылауы,--үшінші көзі жоқ! Зәрең ұшады...

Екіншісі «Мен ақынмын ба?»-деп келеді, ішің жылиды.

Мен Фариза әпкеммен алпыстан асқанда таныстым. Жанына жақындауға қорқушы едім! Мыналар ешкімді көзіне ілмейді! Абай мұндайларды «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі!»-деген. Абайды оқыса бұлайша оқыраңдап жүрмес еді, ұлттық поэзиямыздың інжу-маржандарына да , мүлде, көз жүгіртпенен?! Қалай ақын болам деп жүр? «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден»-деген әулие Абай. Мен Қадағаммен (Қадыр Мырза Әлі) 80 жылдары араласа бастадым. О кезде қырыққа тұяқ іліктірген кезім. Қайта құру кезеңі еді. Қадағама қазақ жырының көкейкесті мәселелері қахында «Жас Алашқа» ашық хат жазғам, Қадағам газеттің бір бетін түгел қамтып, жауап берген-ді. Содан кейін әдеби жиындарда кездесіп, сәлем беріп жүрдім. Қадағам сен осы үйге бір соқпай қойдың ғой деп, талай рет  базына айтқан. Ол теңіздей терең адам еді, «өзімде бармен көзге ұрып», классиктің алдына омыраулап жетіп баруға батылым жетпеді! Сәттібай да сол Абай ұстанымын ұстанған саусақпен санарлықтай талант еді! Топырағы торқа болғай боздақтың!

«Мүшайраға қатысайын ба? Маған қандай жүлде алып бересіз?»-деп, алдыма бірде бір рет келмеді! Осында талтаңдап жүргендердің көбісі маған имене кіріп, мүшарайдан мүшайра қоймай, шетінен бәрін адақтап шыққан, қазір аяғы салбырап көктен түскендей болып жүр...Бұлар қалды,-- Сәттібай кетті...

Сәттібай соның көбісінен биік еді! «Қолжазбаларыңды жинасаңшы, бір кітап шығаратын кезің болған жоқ па?»-дегем, «Мұқағали айтпақшы, мендейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен жоқ па?!»-деп қарап тұр?! Көп оқып, көңіліне көп нәрсені тоқығаны көрініп тұрушы еді. Сондай адам ғана айта алады мұндай сөзді!

Бұл мен үшін жұмбақ өлім болды. Бір қабырғамды суырып алып кеткендей мәңгіріп қалдым?! Жаңарқа жамырай егілді! Оның біз білетін қадір-қасиетін елі де біледі екен! Келін баланың «Бір көйлекті екі күн кимейтін боздағым!» -деген жоқтауын естіп, сай-сүйегіміз сырқырады! Қамшының сабындай қысқа мына опасыз дүниеге тап-таза келіп, тап-таза болып кетіп барады! Артында кітап боп түптелмеген өлеңдері, банктерге төленбеген қарызы, бала-шағасы қалды;  әкесінің қарызын баласының мойынына іліп қоятын жұрт болдық қой, ырысына ынтымағы жарасқан Жаңарқаның ер-ааматтары,--Сәкеннің елі ақынның соңындағы балаларын жаутаңдатпай, соның бәрін өзі көтеріп алуы керек, меніңше! Ол да осы, ұры-қары жайлаған, банктерге басы байланған сұм жүйенің құрбаны болып кетті!

Серік Ақсұңқарұлы