Промоутер Эдди Хирн (Matchroom Boxing) екінші орта салмақтағы абсолют әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварестің (57-2-2, 39 КО) алдағы жоспарлары туралы айтты, - деп хабарлайды Saryarqanews тілшісі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, "Канелоның" екі таңдауы бар - қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) үшінші жекпе-жек немесе өзі мамырдың басында сенсациялық түрде жеңіліп қалған ресейлік Дмитрий Биволмен (20-0, 11 КО) реванш.
"Канело алдында екі нақты нұсқа тұр. Біріншісі - екінші орта салмақтағы "абсолют" атағы үшін Головкинмен трилогия, содан кейін Дмитрий Биволмен реванш. Себебі "Канело" не болса да Биволмен рематч өткізеді. Немесе реванш бірінші болады.
Биволмен жекпе-жек алдында барлығы Головкинмен үшінші кездесу "Канело" үшін жеңіл болады деп ойлаған. "Канело" Дмитрийді жеңгенде, онда трилогияда сөзсіз жеңіске үміткер болар еді. Бірақ қазір "Канелоға" қатысты сұрақтар туындағаны рас. GGG оны үшінші жекпе-жекте жеңе ала ма? Қазір ол біршама бәсекеге қабілетті.
Біз "Канело" мен Эдди Рейносомен бірге әрі қарайғы әрекеттерді талқылағымыз келеді. Жеке өзім кез келген нұсқаға риза боламын. Головкинмен жекпе-жек, мүмкін, әлі де бокстағы ең үлкен оқиға саналады. Ал Биволмен реванш - "Канело" үшін қауіпті және қиын жекпе-жек. Оған спортшы карьерасында алғаш рет андердог мәртебесімен шығады", - деді Херн DAZN Boxing Show-ға берген сұхбатында.