Жетіқоңыр ауылының жас тұрғыны Алдияр Дастанұлы ұялы телефон мен компьютерге байланған заманда тай жарыстарына жиі шығатын ержүрек бала. Ол тек қана «экранда» емес, шынайы өмірде ат үстіне қонып, бәйгелерге қатысып, өзін дәлелдеп жүрген жас шабандоздардың бірі. Бұл баланың спорттағы табыстары мен ерлігі қазіргі ұялы телефонды қолынан түсірмейтіндер үшін үлгі.
«Мен Алдияр Дастанұлы 2013 жылы Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында дүниеге келдім. 4 жасымнан бастап әкем атқа мінуді үйретті. Сол уақыттан бастап атқа мінгенді ұнатамын», – дейді жас шабандоз.
Бүгінде бұл ауылда жабағы, тай мінген баланы жиі кезіктіресің. Өйткені ауылда атбегілік кәсіп қанат жайған. Әкелері балаларын атқа қондырып, аналары тақым қысып отырады. Жетіқоңыр жұрты жиылып бәйге өткізуді де дәстүрге айналдырған.
«Ауылда жиі тай жарыстары, бәйге, аламан бәйге өткізіліп тұрады. Ауыл жұрты жиылып ат жарыстырғанды жақсы көреміз. Өз басым сол жарыстарға қатысқан ағаларыма қызығып осы жолды таңдадым. Арманым әрі үлкен мақсатым көшпенділер ойынындағы бәйгеде бой көрсетсем деймін», – дейді Алдияр Дастанұлы.
Ауыл азаматтары жастайынан жылқыға үйір болып, жануардың қадір-қасиетін сезініп өсіп келе жатқан балаларды ерте жастан атқа мінуге үйретеді.
«Кез-келген жарыс алдында қорқыныш сезімі болады. Кейде нешінші болып келемін, қалып қоймаймын ба деген ойлар мазалайды. Бірақ әкемнің қолдауының арқасында бұл қорқыныштарды жеңіп жүрмін. Мені жарыс жолына дайындайтын да, атымды баптайтын да әкем. Мәреден сөреге дейіңгі аралықта әкемнің қолдауы мен даусын жақсы естимін. Болашақта да әкем секілді шаруа қожалығын басқарсам ба деп қоямын», – деді шабандоз бала.
Алдияр өз сұхбатын жастарға жиі ұялы телефон қарағанша атқа мініп, ата-аналарыңа көмектесіңдер деп аяқтады.
«Ұялы телефонға телміріп отыра беруді қою керек. Атқа мінуді үйреніп, жиі сыртқа шығыңдар. Ата–аналарыңа көмектесіп, есік алдындағы қарды күреңдер», – деді Алдияр батыр.
Ақсая Маратқызы