BANNER

Қарағанды облысында электр желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасуда

Фото: Life09

Қарағанды облысында инвестициялық бағдарлама аясында электр желілері жаңғыртылып жатыр. Инфрақұрылымды жаңарту электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, ажыратулар санын қысқартуға және өңір тұрғындары мен кәсіпорындары үшін тұрақты кернеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қарағанды Жарық» ЖШС мәліметінше, негізгі жобалардың бірі – ұзындығы шамамен 45 шақырымды құрайтын 110 кВ «ГПП-1 – Саран» әуе желісін қайта жаңғырту. 2023 жылдан бері мұнда тіректер кезең-кезеңімен ауыстырылып, сымдар күшейтілуде. Жұмыстар 2027 жылға дейін жоспарланған және магистральдық желінің жүктемелер мен қолайсыз ауа райы жағдайларына төзімділігін арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама шеңберінде «Саран» қосалқы станциясынан шығатын 6 кВ кабель желісі қайта жаңғыртылуда. Аталған желі Угольный, Дубовка және 106-шы шахта кенттерін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жоба тіректер мен сымдарды толық ауыстыруды көздейді, бұл техникалық шығындарды азайтып, жүйенің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елді мекендердегі тарату желілері де жаңартылып жатыр. Қарағанды қаласының Пришахтинск ауданындағы Финский кенті мен 2-ші кеніш аумағында 6–0,4 кВ желілері жаңғыртылуда. 2-ші кеніштегі әуе желісі кабельдік орындауға ауыстырылды. 

Сондай-ақ трансформаторлық қосалқы станциялар жаңартылып, ескі сымдар заманауи оқшауланған сымдарға алмастырылуда. Бұл 900-ден астам тұрғын үшін электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде тағы бір ірі жоба – «Болашақ» жаңа қосалқы станциясының құрылысы іске асырылуда. Нысанды пайдалануға беру қосымша қуат резервін қалыптастырып, жүктемені теңдей бөлуге мүмкіндік береді және тұрғын кварталдар мен бизнестің одан әрі дамуына инфрақұрылымдық негіз болады.

Электр желілерін жаңғырту 2025–2029 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жалғасады.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі