АЭС-те радиациялық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Фото: Life09

Атом электр станцияларында қауіпсіздік бірнеше деңгейлі қорғаныс жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандардың айтуынша, заманауи АЭС-терде радиоактивті заттардың таралуына жол бермейтін бірнеше тәуелсіз тосқауыл қарастырылған.

Станциядағы радиациялық жағдай тәулік бойы автоматты түрде бақыланады. Арнайы датчиктер ауадағы радиоактивті заттарды, гамма-сәулелену деңгейін және қоршаған ортадағы радионуклидтерді үздіксіз өлшеп отырады.

Қауіпті жағдай байқалса, жүйе бірден дабыл беріп, ақпаратты мамандарға жеткізеді. Ал радиация деңгейі жоғары болуы мүмкін аймақтарда адам орнына қашықтан басқарылатын роботтар мен арнайы техникалар қолданылады.

Қауіпсіздік шаралары станция аумағымен ғана шектелмейді. Оның айналасындағы ауа, су, топырақ және өсімдіктер де тұрақты бақылауда болады.

Мамандардың сөзінше, персоналдың дайындығы да маңызды. Қызметкерлер арнайы оқудан өтіп, жеке дозиметрлермен қамтамасыз етіледі және төтенше жағдайларға арналған оқу-жаттығуларға тұрақты қатысады.

Яғни заманауи АЭС қауіпсіздігі бір ғана технологияға емес, инженерлік жүйелер, автоматтандырылған бақылау және мамандардың тұрақты дайындығына негізделеді.

Дереккөз: todayinfo.kz