Қарағандыда тұрмыстық химия өнімдерін сататын ВЭКОматтар пайда болды. Енді өз бөтелкеңізбен келіп, қажетті құралды таңдап, керегіңізше мөлшерде құйып ала аласыз.

Қалада әзірге мұндай екі автомат бар. Оның бірі – Аханова көшесі, 26 мекенжайындағы көлік жуу орнында, екіншісі Момышұлы көшесі, 24 мекенжайындағы «Айгаухар» дүкенінде орналасқан. Алдағы уақытта оларды басқа да нүктелерге орнату жоспарланып отыр.
Автоматтарда өнімнің төрт түрі ұсынылады: кір жууға арналған гель, киімге арналған кондиционер, сұйық крем-сабын және ыдыс жууға арналған гель. Автоматтың ішінде көлемі 50 литрлік бак бар.

Егер өз ыдысыңыз болмаса, сол жерден көлемі 500 миллилитрлік бөтелке сатып алуға болады. Алайда бұл жобаның негізгі мақсаты – әр жолы жаңа қаптама сатып алуға кететін шығынды азайту. Сондықтан өз бөтелкеңізбен келген тиімді. Бұл бір жағынан ыдысқа жұмсалатын шығынды үнемдеуге, екінші жағынан пластик қалдықтарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

ВЭКОматтарды қарағандылық WEC Trade компаниясы іске қосты. Компания 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді және биологиялық ыдырайтын тұрмыстық химия өнімдерін – кір жууға және ыдыс жууға арналған құралдар, сұйық сабын, кондиционерлер мен тазартқыштар шығарады. Компания «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша өткен республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің жеңімпазы атанған.