BANNER

Балқаштықтар Қарағанды облысы құрамында қалғысы келеді

Фото жүктелмеген

Биыл Қарағанды облысы екі әкімшілік аумаққа бөлініп, бұрынғы Жезқазған облысы қайта қалпына келтірілмек. Әйтсе де, көпшілік жылы қабыл алған жаңалыққа алаңдаушылық білдіріп отырғандар да бар. Мәселен, бұрын Жезқазғанға қараған Балқаш қаласының тұрғындары енді жаңа құрылатын Ұлытау облысына қосылуға қарсы. Жер шалғайлығын алға тартқан халық Қарағандының құрамында қалғысы келеді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

- Экономикалық жағдайын айтпағанда Балқаш қаласының жасы ұлғайған қарттары, мүмкіндігі шектеулі жандардың емделуге, ем-шараға баруына жолдың ұзақтығы үлкен қиындық тудырары сөзсіз. Сондықтан да біз, балқаштықтар, түбегейлі Ұлытау облысына қосылуға қарсымыз, - дейді қала тұрғыны Нұрдос Кәрім.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қарағанды-Балқаш бағытындағы тасжол толықтай қайта қалпына келтіріп, екі аралыққа автобан түсуде. Жол құрылысы аяқталған соң, балқаштықтар Қарағанды қаласына 2 сағаттың ішінде жетуге мүмкіндік алады. Бұл қала тұрғындары үшін қолайлы болар еді. Әйтсе де, кезінде қала Жезқазған облысына қарағандықтан, тұрғындар жаңадан құрылатын Ұлытау облысының шекарасын айқындау барысында қайта сол жаққа қосып жібере ме деп қауіптенеді. Олай болса, облыс орталығына барудың қиындығы арта түсері сөзсіз.

Осыған орай, қала тұрғындары қол жинап, петиция әзірепті. Бүгінге дейін оған он мыңға жуық адам қол қойған. Жергілікті билік өкілдері де бұл петициядан хабары бар. Олар әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде тұрғындар талабы ескерілетінін айтып отыр.