Өскемен театры Қарағандыға алғаш рет гастрольдік сапармен келеді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды қараша айында Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрын алғаш рет қабылдайды. Бұл гастрольдік сапар – К. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрының Шығыс Қазақстандағы қойылымдарына жауап ретінде ұйымдастырылған өзара мәдени алмасудың жалғасы.

Қазан айының басында К. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры Өскеменде жеті спектакль ұсынды.

Үш күнге созылған гастрольдік сапар кезінде көрермен залы лық толып, әр қойылым зор қошеметке бөленді. Кездесу қорытындысы бойынша екі театр ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Енді қарағандылық көрермендер шығысқазақстандық театр ұжымының репертуарымен таныса алады. 6–8 қараша аралығында К. Станиславский атындағы театр сахнасында ересектер мен балаларға арналған бес қойылым көрсетіледі. Бағдарламада интерактивті ертегілерден бастап, әлемдік классика мен өмірбаяндық драмаға дейінгі әртүрлі жанрдағы спектакльдер бар.

Көрермендер «Түлкі мен Қоян», «Үш торай», «PIAF. Тәубеге келу», «Тартюф» және «Үйлену» қойылымдарын тамашалай алады.

Ал К. Станиславский атындағы театр Қазақстан қалаларына гастрольдік сапарын жалғастырады. 3–5 қараша аралығында қарағандылық ұжым Павлодардағы А. Чехов атындағы облыстық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Үш күн ішінде әртістер алты қойылым ұсынады. Олардың қатарында балаларға арналған «Насреддиннің алтын есегі» мен «Щелкунчик» ертегілері, сондай-ақ «Ханума, немесе не қаласаңыз да», «Боинг-Боинг» және «Шие бағы» спектакльдері бар.