Республикалық маңызы бар Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысына ресми түрде бастау берілді. Жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайтын жолдың 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді. Құрылыс жобасының тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ.

Құрылыс жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.

– Бүгін біз үшін тарихи күн. Қарағанды – Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын бастап отырмыз. Бұл – еліміздің көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызы бар, Қазақстандағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Болашақта бұл автожол елдің солтүстік және орталық өңірлерін оңтүстік аймақтармен байланыстыратын аса маңызды көлік дәлізіне айналады. Дайын болған учаскелер бойынша қозғалыс бүкіл трассаның құрылысы толық аяқталғанын күтпей-ақ, кезең-кезеңімен ашылатын болады, – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа автожол қолданыстағы трассамен қатар салынады.

Жоба аясында қазіргі заманғы қауіпсіздік пен сапа талаптарына толық сәйкес келетін ІІ техникалық санаттағы екі жолақты автомобиль жолын салу көзделген.

– Бұл жобаның басты ерекшелігі – біз алғаш рет DBM (Design – Build – Maintain) моделін қолдандық. Бұл форматқа сәйкес мердігер нысанның бүкіл өмірлік цикліне – жобалаудан және құрылыс жұмыстарынан бастап, оны жеті жыл бойы күтіп-ұстауға дейін толық жауап береді. Мұндай тәсіл жобалаушылар мен құрылысшылар арасындағы келіспеушіліктердің алдын алып, жобаның қымбаттау және мерзімінің созылу тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ бұған дейінгі жобаларда кездескен даулы мәселелерді болдырмауға мүмкіндік береді. Барлық жауапкершіліктің бір ғана мердігер ұйымның қолына шоғырлануы жобаны іске асыру үдерісін тиімді әрі ашық етеді. Жұмыстарды 2029 жылы аяқтап, осы жол учаскесінде көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Иманашев.

Құрылыс жұмыстары бір мезгілде төрт учаскеде жүргізіледі. Әрбір учаске бойынша мердігер ұйымдар айқындалған.

Қазіргі таңда құрылысшылар аумақты дайындау, жобалау жұмыстарын жүргізу және жер төсемін салу жұмыстарына кірісіп жатыр.

– Осы маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасының Үкіметіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Жақын арада бұл жол өңіріміздің жаңа даму кезеңінің жарқын нышанына айналатынына сенімдімін. Жаңа трасса өңірлерді ғана емес, адамдарды да өзара жақындастырып, өркендеуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңғырту өңірдегі ең ауқымды жол инфрақұрылымы жобаларының біріне айналмақ.

Құрылыс толық аяқталғаннан кейін өңірлер арасындағы көлік қатынасы едәуір жақсарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, жол жүру уақыты айтарлықтай қысқарады.

– Республикалық маңызы бар осы автомобиль жолын қайта жаңғыртуды ұзақ жылдар бойы өңір тұрғындары ғана емес, мыңдаған жүргізуші мен жолаушы да асыға күтті. Жобаны қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапқанда, бұл жаңалық барша жұрт үшін зор қуанышқа айналды, – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.
