Қостанай тұрғыны көлік аламын деп 1,9 млн теңгесінен айырылып қала жаздады

Фото: Gemini ИИ

Қостанай облысында зейнет жасындағы ер адам TikTok-тағы көлік туралы жалған хабарландыруға алданып қала жаздады. Алаяқтар одан 1,9 млн теңгені шетелдік шотқа аударуды талап еткен, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі ztb_qazaq-қа сілтеме жасап.

Ер адамға белгісіз адамдар WhatsApp арқылы хабарласып, көліктің шекарадағы кеденде тұрғанын айтқан. Олар төлемді тез арада жасауды сұрап, ақша кешіксе қиындық туындайтынын жеткізген.

Алайда, банк қызметкерлері күмәнді операцияны байқап, полиция шақырған. Соның арқасында аударымға тосқауыл қойылды.

Ер адам полиция бөлімінде екенін айтқаннан кейін де алаяқтар ақшаны дереу жіберуді талап еткен.

Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың шоттарына ақша аудармауға және олардың айтқанына ермеуге шақырды. Күмәнді жағдайға тап болсаңыз, әңгімені тоқтатып, 102 нөміріне хабарласу қажет.