Бүгін ХХ ғасырдағы қазақ халқының ең көрнекті тұлғасы – Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толды. Ол – ел тарихында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің тұңғыш төрағасы.
ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті.
Жер, тіл, адам құқығы және қазақтың тұтас тәуелсіздігі үшін күресті. Талай тауқымет тартып, сол жолда жанын қиды.
Әлихан Бөкейхан – ұлт бостандығы мен ел тәуелсіздігі жолында күрескен ірі тарихи тұлға. Оның идеялары мен еңбегі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына рухани негіз болды.
Оның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген анты бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін патриотизмнің биік өлшемі болып қала бермек.
