Елімізде зейнетақы мөлшері қалай өседі?

ашық дереккөз

Қазақстанда 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейін зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде айтып берді, деп LIFE09 ақпараттық агенттігі LS-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін (20 191 теңге) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесін (37 389 теңге) 100%-дан 120%-ға дейін жеткізу керектігін айтқан болатын. Оның айтуынша, бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Еңбек министрлігінде 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын кезең-кезеңімен артатынын хабарлады.

Министрлiктiң мәліметінше, бұл келесідей болады:

2023 жыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-дан 100%-ға дейін (КМ – 37 389 теңге);

2024 жыл 65%-дан 105%-ға дейін;

2025 жыл 70%-дан 110%- ға дейін;

2026 жыл 70%-дан 118%-ға дейін;

2027 жыл 70%-дан 120%-ға дейін.

Еңбек министрлігінің болжамы бойынша, осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін арттырылады.

"Бұл көрсеткіш жыл сайын шамамен 13%-ға өседі және барлық 2 млн зейнеткерге қатысты болады", - деп хабарлады министрлікте.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс шамасын 46 АЕК-тен (146 280 теңге, АЕК кезінде – 3 180 теңге) 55 АЕК-ке (174 900 теңге) дейін арттыру жүйеге жаңадан енгізілген және қазіргі зейнеткерлерге де қатысты болады.

"Бұл шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға (үш жыл ішінде-109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) ұлғайтуға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан бұл шаралар қарттар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданып жатыр", - деп түсіндірді Еңбек министрлігінде.

Сондай-ақ, Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасына қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты зейнетақы төлемдерін төмендетпей керісінше арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта бюджет қаражатының қосымша қажеттіліктерін анықтау бойынша жан-жақты есептеулер жүргізілуде. Ақпаратқа сәйкес, бұл шаралар қаржы министрлігімен келісіліп, республикалық бюджет комиссиясының қарауына жіберіледі.