Қарағанды облысында жалпы құны 6,7 трлн теңгені құрайтын 186 жоба инвестициялық пулға енгізілген. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл өңірде автомобиль жасау, металлургия, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салаларда жаңа өндірістерді іске қосу жалғасып жатыр.
Бұл туралы аппараттық кеңесте өңірдегі инвестициялық белсенділік мәселесі қаралған кезде баяндалды.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиевтің айтуынша, облыста инвесторларды қолдаудың мемлекеттік және өңірлік шараларының кешенді жүйесі қалыптасқан. Оның аясында жеңілдетілген қаржыландыру, инженерлік коммуникацияларды тарту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу тетіктері қарастырылған.
Өңірде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустриялық аймағымен қатар, мамандандырылған өнеркәсіптік алаңдар да құрылып жатыр.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста 37 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Экономиканы әртараптандыруға және импортты алмастыруға бағытталған бірқатар жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылды. Saran Machinery кәсіпорнында HOWO маркалы жүк көліктерін шығару, Eurasia Tech компаниясында жеңіл автокөлік өндірісі іске қосылды. Gold Corp кәсіпорнында тотыққан мыс кендерін үйінділік шаймалау әдісімен катодты мыс өндіру жолға қойылды. FL Smidth кәсіпорнында стандартты емес, бірегей ірі габаритті бұйымдар шығару басталды. «Алтын АлкапКараганда» ЖШС кірпіш зауытының техникалық іске қосылуы жүзеге асырылды. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аумағында «ЖанаLAB» ЖШС зертханалық кешені ашылды, – деді Асқар Ғазалиев.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін тағы бірқатар жаңа өндіріс іске қосылады деп күтілуде. Олардың қатарында Тесіктас кен орнында мыс өндіру және өңдеу, жылу оқшаулағыш материалдар, клинкерлік плитка, жылу желілеріне арналған құбырлар және басқа да өнімдер шығаратын өндірістер бар.
Агроөнеркәсіп кешенінде мал шаруашылығын, суармалы егіншілікті дамытуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Құрылып жатқан индустриялық алаңдар жүйесі инвестициялық жобаларды тиімді іске асыруға, инвесторларды тартуға және заманауи өндірістерді жолға қоюға қажетті жағдай қалыптастырады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын одан әрі әртараптандыруға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірдің басты мақсаты – өнеркәсіпті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу, деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
– Жалпы, инвесторлармен жұмыс істеудің жүйесі қалыптасты. Біздің тарапымыздан инвестициялық жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жұмысты одан әрі күшейтіп, туындайтын барлық мәселені жедел шешу қажет. Болашағы зор инвестициялық жобалар пулын қалыптастыруды жалғастыру керек, – деді өңір басшысы.