BANNER

Ресейге салынған санкциялардың мерзімі шектеусіз

Фото жүктелмеген

Ресей Федерациясының Украинаға қарсы «әскери операциясын» әлем елдері агрессорлық әрекетке балап, оған қарсы қатаң экономикалық санкциялар салды. Бұл санкциялардың мерзімі шектеусіз, яғни ұзаққа созылып, Ресей экономикасына ауыр соққы болуы мүмкін, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

АҚШ сауда министрі Джина Раймондоның мәлімдеуінше, Ресейге салынған санциялардың шектеулі мерзімі жоқ. Оның айтуынша, АҚШ президентінің әкімшілігі, Ресей экономикасына зақым келтіру мақсатында қабылданған шараларды қажет болғанша соза береді.

«Бұл шектеулерді біз және біздің одақтастарымыз ұзақ уақыт ұстап тұра аламыз», - дейді Джина Раймондо.

Айта кету керек, қазірдің өзінде Ресей Федерациясы санкцияның зардабын тарта бастады. Бұл қаржылық секторға да айтарлықтай әсер етті. Бүгіннен бастап Visa, Mastercard, Apple Pay және Google Pay жүйелері Ресейде жұмыс істеуін тоқтатты. Яғни, бұл жүйелерді қолдана отырып шетелдік интернет-дүкендерде төлем жасау мүмкіндігі жоқ. Бір айта кетерлігі, бұрыннан қолданыста болған төлем карталары Ресейдің ішінде бұрынғы қалыпта жұмысын жалғастыра береді. Әйтсе де, оларды шет елдерде қолдану мүмкін емес.