BANNER

Ресейлік телеарна қызметкері тікелей эфирде соғысты тоқтатуға шақырды

Фото жүктелмеген

Ресейлік "Бірінші арнаның" тікелей эфирдегі жаңалықтары барысында ақпарат бөлімінің редакторы соғысты тоқтатуға үндейтін жазбамен наразылық танытты. Ол эфирге "Соғысты тоқтатыңдар" деген плакат көтеріп шыққан, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Оқиға тікелей эфир барысында орын алды. Арна қызметкері Марина Овсянникова өзінің азаматтық позициясын осылай танытып, қантөгісті тоқтатуға атсалыспақ болған. Оның қолындағы қағазда: "Соғысты тоқтатыңдар. Арандатушыларға сенбеңдер. Бұл жерде сіздерге жалған ақпараттар ұсынылуда" деп жазылған екен.

Марина Овсянникова эфирде көрінген соң, бірден басқа сюжет қосылды. Ал, әйел адам ұсталып, аталмыш жайт бойынша тексеру басталған. Ол "Ресей қарулы күштерін айыпттады" деген бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.  

Айта кету керек, дәл осы оқиғадан соң Марина Овсянникова әлеуметтік желіде видеоүндеу жолдап, бұл қадамға саналы түрде барғанын жеткізді.

- Менің әкем украин, шешем орыс. Бірақ, олар бір-біріне жау емес. Орыс халқы мен украин халқы бауырлас елдер. Әйтсе де, Владимир Путин бастаған топ екі халықтың ортасына отсалып, бірлігімізді ажыратқысы келеді. Біз 2014 жылы үндемей қалдық. Сол арқылы Кремль жауыздығының жалғасуына мүмкіндік берді. Бұған тоқтау салу керек. Қантөгісті дереу тоқтату керек, - дейді Марина Овсянникова.