ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйектегі Жолдауында халықтан ұрланған қаражатқа енді мектептер салынатынын айтқан болатын. Үкімет аталмыш іске санаулы уақытта кіріседі, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі Орда.кз порталына сілтеме жасап.
Бұндай шешім еліміздегі оқушы санының күрт өсуімен байланысты. Мәселен, биыл бір мектепте 18 бірінші сынып ашылған. Білім ошақтары 3 ауысыммен оқуға мәжбүр дейді мамандар.
Шетел асып, қолды болған ақшаға елімізде неше мектеп салуға болатынын Орда.кз порталы есептеп көрді. Бір мектепке орташа есеппен 500 млн теңгеден бастап 3,5 млрд-қа дейін қаражат кетеді екен. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысына тіпті 7,5 млрд теңге қажет. Бұл туралы 2021 жылы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеген болатын.
Қайрат Сатыбалды
Экс-Президенттің немере інісі қазір тергеу изоляторында. Ол 13 наурызда Алматы әуежайында Дубайға ұшайын деп тұрған жерінен ұсталды. Антикор 24 тамызда Қайрат Сатыбалдыға қатысты тергеу амалдарын толықтай аяқтады. Нәтижесінде мемлекетке 276 млрд теңге қайтарылды. Алдағы уақытта тағы 400 млрд теңге мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпкердің қолды қылған ақшасына 95 Назарбаев зияткерлік мектебін, 475 жай мектеп және 356 арнайы мектеп салуға болады екен.
Талғат Ермегияев
Кәсіпкер 2012 жылы ЭКСПО-2017 өткізу мәртебесін жеңіп алды. Екі жылдан кейін тексеру барысында үлкен көлемде қаражат жымқырғаны белгілі болды. Іске қатысы бар топ-менеджерлер мен басшыларын қосқанда 23 адам сотқа тартылды. Оның ішінде Ермегияев те бар. 2016 жылы ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімет барлық мүлкін тәркіледі. Алайда өзі кінәсін мойындамады. Талғат Ермегияев командасымен 10,2 млрд теңгені қалтасына басқаны анықталды. Ол ақшаға 1 НЗМ мен 12 орта мектеп салуға болар еді.
Жақсылық Досқалиев
Бұрынғы Денсаулық сақтау Министрі Жақсылық Досқалиев 2011 жылы 5 тамызда 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі тәркіленіп, қаражаты мемлекетке қайтарылды. Шенеунік қызметін асыра сілтеп, 65 млн теңге пара алған, ұлт қорынан 673 млн теңге ұрлап, 2,467 млрд теңгені негізсіз жұмсағаны үшін айыпталды. Жалпы шығын – 3,2 млрд теңге. Ол қаражатқа НЗМ сала алмасақ та, 3 орта мектептің құрылысына жетеді.