Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың бортында Қазақстан азаматтары да болған. Төтенше жағдайлар министрлігі апаттан 28 адам тірі қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, ұшақ бортында 67 адам болған. Оның ішінде 5 экипаж мүшесі және 37 – әзірбайжан, 6 – Қазақстан, 3 – Қырғызстан азаматтары мен Ресей Федерациясының 16 азаматы болды.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер бойынша ақпарат нақтыланып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ұшақ апатынан 28 адам аман қалды. Зардап шеккендер арасында 11 және 16 жастағы балалар бар.
Айта кетейік, оқиға орнына төтенше жағдайлар департаменті, МӨСҚ, Полиция департаментінің 150 жеке құрамы, 45 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Бұдан бөлек Әзірбайжан әуе компаниясының ұшағының Маңғыстау облысында құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Қазір көлік полициясы департаменті "Көлік құралын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, соның салдарынан екі немесе одан да көп адамның қазасына себеп болған" бабымен алдын ала тергеу бастады", – делінген хабарламада.
Мәліметтерге сәйкес, экипаж Актау әуежайында жедел қонуға тырысқан, бірақ қону сәтсіз аяқталып, ұшақ қала маңында апатқа ұшыраған. Оқиға орнына қатысты әлеуметтік желілерде видеолар пайда болды. Алайда нақты құлау орны мен зиянның ауқымы әлі анықталып жатыр.
Апаттың себебі әзірге белгісіз. Желіде ұшақтың қозғалтқышына құс ұшып кірген болуы мүмкін екендігі айтылды. Басқа деректерде рейс бағытының өзгеруіне себеп болғаны тұман болуы ықтимал.
Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ – Embraer ERJ-190 маркалы, екі моторлы реактивті ұшақ, қысқа және орташа қашықтықтағы рейстер үшін кеңінен қолданылатын модель. Бұл ұшақтар Бразилияның Embraer компаниясымен шығарылады. ERJ-190 (E190) моделі салон конфигурациясына қарай 98-108 жолаушыны тасымалдауға арналған. Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының Embraer E190 ұшағы 106 орындыққа арналған. Ұшақтың ұзындығы 34,93 метр, биіктігі 9,73 метр. Ұшақта екі General Electric CF34 турбовентиляторлы қозғалтқышы орнатылған. Бұл модель 4500 шақырымға қашықтыққа дейін ұша алады.
AZE.az деректеріне сенсек, 2014 жылы Azerbaijan Airlines мен Embraer екі E190 ұшағын сатып алу туралы келісімшарт жасаған. Келісімнің құны 95,4 миллион доллар. Deliveries and Backlog Release мәліметтеріне сәйкес 2021 жылғы 31 желтоқсанда Embraer әлем бойынша 565 ұшақ жеткізді. Flightaware мәліметтерінше, ұшақ жоспарланған уақыттан 11 минут ерте ұшып шыққан. Каспий теңізі үстіндегі ұшу биіктігінде ұшақ төтенше жағдай сигналын (emergency squawk 7700) берген.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау маңында ұшақ құлағанын жаздық. Апатқа ұшыраған ұшақтың видеосы желіде тарады. Embraer 190 ұшағы Әзірбайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі. Ол Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Құлау алдында ол Каспий теңізінің үстінен Төтенше жағдайлар департаментіне сигналын берген. Қазір зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Тірі қалғандар бар екені хабарланды. Ұшақ ішінде 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, алты адам аман қалған. Алайда барлығының хәлі ауыр.