Танымал саясаткер, эколог Мэлс Елеусізов «Демократиялы Қазақстан» Youtube-арнасына берген сұхбатында Алматыда жойқын жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
«Алматының астындағы Кемин тақтасының бәрі шытынап тұр. Алматы өте қауіпті аймақ. Әлем бойынша сейсмикалық тұрғыдан өте қауіпті 5 жер бар, сол тізімге біздің Алматы кіреді. Сондықтан Алматыда өте қатты жер сілкінісі болуы мүмкін. Қаңтарда болған жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстанда болғандықтан, енді тоқтайтын шығар деп ойлаған едік. Енді, міне Кемин тақтасы шықты. Ал Кемин тақтасынан шыққан зілзала бұрын Алматыда 1887, 1911, 1921 жылдары болған. Кемин жер сілкінісі Алматының күл-талқанын шығарады. 100 жылда бір болатын қатты жер сілкініс қайталануы мүмкін, қазір уақыты да келіп тұр. Жер шары қызып барады, бұл адамдардың ісі», - дейді эколог.
Сондай-ақ, ол Алматыдағы тұрғын үйлер қатты жер сілкінісіне дайын емес екенін жеткізді.
«Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, көп тұрғын үй құлайды, олардың сапасы өте төмен. Бізге көпқабатты тұрғын үй салудың мүлде қажеті жоқ. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде үйлер тек 3 қабаттан тұратын, кейін 4 қабатқа көшті, сосын 5 қабат. Бірақ 5 қабаттан көп болуы дұрыс емес. Сонымен қатар, үйлердің арасында үлкен аумақ болуы керек. Ал қазір олар бір-біріне тым жақын орналасқан», - деді ол.