BANNER

«АрселорМитталТеміртау» АҚ тарихында қанша апат болды

.

Қарағанды облысындағы «АрселорМитталТеміртау» АҚ-ға қарасты Костенко атындағы шахтада өрттен қаза тапқан кеншілер саны 45-ке жетті, 1 кенші әлі де іздестірілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның мемлекет мешігіне қайтарылатынын айтты.  Бұған дейін де «АрселорМитталТеміртау» компаниясына бірнеше мәрте айыппұл салынып, қауіпсіздік талаптарының сақталмағанына қатысты сын айтылған. «АрселорМитталТеміртау» тарихында қанша апат болғанын Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ел тарихындағы ең ірі апаттардың бірі «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Шахтинск қаласы Ленин атындағы шахтасында болған. Мәселен, аталған жерде 2006 жылы метан жарылып, салдарынан 41 адам көз жұмды. Ал 1995 жылы дәл осындай апаттың кесірінен 13 кенші қаза тапқан еді. 

Ленин атындағы шахтада метан жарылды (1995 жыл) 

1995 жылдың 24 қарашасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласында болған төтенше жағдай 13 адамның өмірін қиды. 

Ленин атындағы шахтада газ жарылды (1998 жыл) 

1998 жылдың қарашасында сол шахтада газ жарылып, 3 адам қаза тапты. Оқиғаның басты себебі – техникалық ақау деп аталды.

«Шахтинская» шахтасында газ жарылды (2004)

2004 жылдың желтоқсанында «Шахтинская» шахтасында лавада газ жарылды. Жарылыс кезінде шахтада 89 адам болған еді, оның 23-і қаза тапты. Эпицентр маңында жұмыс істегендер бірден көз жұмған. 

Ленин атындағы шахтада метан жарылды (2006 жыл)

Төтенше жағдайлар ішінде ең көп адам қайтыс болған қайғылы оқиға 2006 жылдың 20 қыркүйегінде болды. Жарылыс желдету құбырларын ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуына байланысты шықты. Төтенше жағдайдан 41 адам қайтыс болып, елде жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Оқиғадан кейін алты жұмысшы сотталды.   

«Абай» шахтасында метан жарылды (2008 жыл)  

2008 жылдың 11 қаңтарында Қарағанды облысының Абай қаласындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан 30 кенші қаза тапты. Төтенше жағдайды тергеу барысында өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауапты екі шенеунік қызметінен айрылды. 

 «Саран» шахтасындағы төтенше жағдай (2016 жыл)

 2016 жылдың 10 қарашасында Қарағанды облысының шахталарында ірі апат болды. «АрселорМитталТеміртау» компаниясының «Саран» шахтасында жұмысшылар жоғарыға көтерілген кезде арбаның шынжыры үзіліп кеткен. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болды, тағы біреуі ауруханада көз жұмды. 

 «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша апатқа шахтаның үш жұмысшысы – кабинаны монтаждаған жұмыскер, машинист және учаске бастығы кінәлі деп танылды. Үшеуі де бес жылға бас бостандығынан айрылды.

 «Қазақстан» шахтасындағы апат (2017 жыл)

2017 жылдың 31 тамызында сағат 04:21-де Қарағанды облысы Шахтинск қаласында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Қазақстан» шахтасында желдету түйісімінде кенет көмір мен газ атылған. Сол уақытта шахта ішінде 136 адам болған. Сағат 05:35-те шахта қызметкері зардап шеккен үш адамның мәйітін тапты.

 «Абай» шахтасында метан жарылды (2021 жыл)

 2021 жылдың 7 қарашасында сағат 09:30-да Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Абай» шахтасында метан жарылды. Шахтада 64 қызметкер болған, 56 адам бірден эвакуацияланды. 3-К10-да сегіз жұмысшы қалған, оның ішінде алты адам қайтыс болды, екеуі газдан уланды. Олар ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

 «Саран» шахтасында тау-кен массасы құлады (2022 жыл) 

 Қарағанды облысында «Саран» шахтасында тау-кен массасы құлап, 57 жастағы кенші қаза тапты. Бұл шахта да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнына тиесілі. Қайғылы оқиға 2022 жылғы 24 наурызда болған. 

 Ленин шахтасынан өрт шықты (2022 жыл)

 2022 жылы 3 қарашада Ленин атындағы шахтада апат болып, салдарынан 5 кенші қаза болды. Сол уақытта Төтенше жағдай министрлігі 25 жыл бойы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахта қабаттарында улы заттарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізбегенін айтты.

 Қазақстан шахтасынан өрт шықты (2023 жыл)

 2023 жылғы 17 тамызда «Қазақстан» шахтасынан өрт шықты. Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті. Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды.

18 қыркүйекте ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысын жариялады. Сараптама қорытындысы бойынша жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды.

Костенко шахтасында өрт болды (2023 жыл)

2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты Костенко атындағы шахтада өрт болды. Дәл сол кезде кеніште 252 адам кен қазып жатқан. Олардың 205-і жер бетіне шығарылып, 18-і медициналық көмекке жүгінген. 45 кеншінің мүрдесі табылса, 1 кеншіні іздеу жұмысы жалғасып жатыр. 

Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Өз кезегінде Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен кәсіпорынның меншік құқығын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшарт рәсімдеп жатыр.