Атырауда отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне күдікті адам іздестіріліп жатыр. Күдікті – отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәйіттері өз үйінен табылған Мақсот Мұқанғалиев пен Нәсіп Өтешқалиеваның құдағиы ұлымен соңғы рет 11 желтоқсанда сөйлескен. Содан бері хабар ала алмай отыр. Келіні Ақбаян Мұқанғалиева психдиспансер есебінде тұрған көрінеді. Сол себепті балаларды өзі бағып-қағады екен. Ал күдікті мен әйелі Атырауда үй жалдап тұрған.
“Мен баламды өйтіп тәрбиелеген жоқпын. Балам тәртіпті. Ондай жолға барады деп ойламаймын. Құдай сақтасын, мүмкін емес ол. Сенбеймін. Әкесі қатты, әкесінен қорқады негізі. Әскерден келген соң күзетте жұмыс істеді. Қазір жүк тасушы болып істеп келеді”, – дейді күдіктінің анасы.
Әйел марқұм құдаларымен етене араласпаған. Тіпті келіні Ақбаян ауырғалы “қызын іздеп келмеді” деп ренжіп отыр. Ол зейнет жасында болса да, немерелерімді өз жауапкершілігіме аламын дейді. Бес баланың үлкені 10 жаста, кішісі бір жаста. Махамбет ауданы білім бөлімі мамандары “балаларды бақылауға алдық, әзірге ата-әжесінде болады” дейді.
