Бұқар жырау ауданының Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ресурстық тірек мектебінің командасы Көкшетаудағы «Жас құтқарушы» республикалық слетінде үздік үштікке енді. Қарағандылықтар жалпы есепте үшінші орынды иеленді.
Слет еліміздің барлық өңірлерінен келген 200-ге жуық қатысушыны – 9–10 сынып түлектерін біріктірді. Төрт күн бойы оқушылар өрт эстафетасына, алғашқы көмек көрсету байқауларына, авариялық және іздестіру-құтқару жұмыстарына, соның ішінде су айдынында жоғалғандарды іздеуге қатысты. Жас құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, су тосқауылын еңсеріп, зардап шегушіні эвакуациялау мен қайықтың бортына көтеруді пысықтауға, сондай-ақ жағада алғашқы көмек көрсетуге тура келді. Бұл жерде тапсырмаларды тез орындау ғана емес, бүкіл команданың іс-қимылдарын нақты үйлестіру де маңызды болды.
– Бәсекелестік өте күшті болды. Барлық командалар жақсы дайындалды. Әсіресе Ақтөбеден келген балалар. Олар бірінші орынды иеленді, – дейді бастапқы әскери және технологиялық даярлық пәнінің оқытушысы Мадияр Жүнісов. – Бұл жарыстарға біз бір ай бойы дайындалдық, күн сайын демалыс күндерінен басқа күндері Қарағандыға келіп, түрлі жерлерде кәсіби құтқарушылармен машықтандық. Менің ойымша, біз лайықты өнер көрсеттік. Оқушылардың әрқайсысы 100%-ға беріліп, бар күштерін жұмсады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық байқаулардан бастап күрделі техникалық кезеңдерге дейінгі барлық пәндер оқушылардың өмірін сақтап қалуға көмектесетін практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Командаға қатысушылардың бірі – 10-сынып оқушысы Арслан Әуесхан өзінің болашағын құтқарушы мамандығымен байланыстырып, 11-сыныптан кейін Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге шешім қабылдады.