Қарағанды облысында болат балқытушыларға ерекше құрмет көрсетілді.
Теміртау мен Балқаш үшін Металлургтер күні – ерекше мәнге ие. Бұл қалалар еліміздің металлургия саласына зор үлес қосып келеді.
Теміртаудағы орталық алаңда өткен мерекелік концертке он мыңдаған адам жиналды. Қала тұрғындары Qarmet компаниясының металлургтерімен бірге бұл кештің шаттығын бөлісті.
Кәсіби мерекемен металлургтерді Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Леонид Агутин, отандық эстрада жұлдыздары V $ X V PRiNCE, Dequine, Алан Черкасов, RaiM және 6ELLUCCI хип-хоп дуэті құттықтап, көрермендерге ең үздік әндерін арнады, әсерге толы кеш сыйлады.
– Бұл күн көптен бері кәсіби мейрам ғана емес, шынайы халықтық мерекеге айналды. Теміртауда талай отбасының өмірі металлургиямен тығыз байланысты. Сіздер – осы қаланың жүрегі, сіздердің ерен еңбектеріңіз – тұрақтылықтың тірегі. Теміртаудың өндірістік қуаты мен рухын сақтап тұрған – сіздер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзінің құттықтау сөзінде.
Дәстүрге сай, кәсіби мереке қарсаңында Qarmet компаниясында металлургтердің Құрмет тақтасы жаңартылды. Бұл – сала үздіктерінің еңбегіне көрсетілген жоғары баға мен кәсіби шеберлікке деген құрмет. Құрмет тақтасына жыл бойы еңбегімен ерекшеленген үздік қызметкерлердің суреттері ілінді.
Металлургтер күніне орай Temirtau Run 2025 атты кешкі жүгіру және салалық спартакиада ұйымдастырылды. Бұл бастаманы жүздеген адам қолдап, металлургия саласын дамытуға күш салып жүрген еңбек адамдарына деген ризашылығын білдірді.
Қатысушылар өз дайындық деңгейіне қарай қашықтықты таңдады: 2,5 шақырымдық жарыстан бастап, 10 шақырымдық күрделі жүгіруге дейін.
Балқаш қаласында да Kazakhmys Smelting компаниясының қолдауымен салтанатты концерт өтті. Кеш қонақтары қатарында қазақстандық танымал орындаушылар ADAM, Болат Құсаинов және әзілкеш Данияр Жұмаділов болды. Сахнаға балқаштық металлургтердің өзі де шығып, өз кәсібінің гимнін шырқады.
«Жастар» саябағында мерекеге орай балаларға арналған арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Балдырғандарды аниматорлар мен алып қуыршақ кейіпкерлер көңілдендірді.
Айта кетейік, Қазақстанда Металлургтер күні шілденің үшінші жексенбісінде аталып өтеді.