BANNER

Қарағандыда «Ұрпақ таңдауы: Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты форум өтті

Фото: ЖАСТАР РУХЫ

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар-Жастарға» жобасы аясында «Ұрпақ таңдауы: Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты форум өтті. Іс-шараға белсенді жастар, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, қоғам қайраткерлері және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы сарапшылар қатысты.
Форум аясында жастармен антикоррупциялық саладағы сарапшылардың қатысуымен мотивациялық кездесу ұйымдастырылды. Спикерлер жастарға өз тәжірибесін бөлісіп, табысқа жетудегі адалдық, ашықтық, әділдік және жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Сарапшылар жемқорлыққа төтеп берудің жеке тұлға мен қоғам үшін беретін артықшылықтарын нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндірді.
Форум барысында студенттер арасында өткен «Adal Urpaq» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау үш номинация бойынша өткізілді: плакат/инфографика, видеоролик, IT-шешім. Әр номинацияда үш орын анықталып, қатысушылар өздерінің креативті жұмыстарын — антикоррупциялық тақырыптағы бейнероликтерін, веб-сайттарын, плакаттарын және цифрлық шешімдерін ұсынды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар форумда «Жастар Жастарға» жобасының қорытындылары ұсынылып, жыл бойы атқарылған жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы мен Антикоррупциялық лаборатория бойынша кең көлемді нәтижелер жарияланды.
«Тәртіпті өзіңнен баста» акциясы мен Антикоррупциялық лаборатория аясында облыс жастарына құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған интерактивті кездесулер, кейс-ойындар өткізіліп, ақпараттық материалдар таратылып, сондай-ақ QR-код арқылы қолжетімді анонимді Telegram-бот таныстырылды.
Форум жастар арасында адалдық мәдениетін нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы күшейтуге және жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.