BANNER

"Көмекке барамын деп басы бәлеге қалды": Алматыда адам өлтірді деп айыпталған 17 жастағы жасөспірімнің соты өтті

.

Алматыда жаппай төбелесте адам өлтірді деген күдікке іліккен жасөспірімге қатысты сот өтті. 17 жастағы жігітке пышақпен қатарласын жазым қылды деген айып тағылған. Алайда оның қылмысқа қатысы барын айғақтайтын нақты дәлел жоқ, жазықсыз жаза арқалай ма деп ата-анасы алаңдайды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ұлым досына көмекке барамын деп басы бәлеге қалды". Жарты жылдан бері әділдік іздеген Әнуарбек Иманбеков шындыққа жете алмай жүрмін деп шырылдайды. Жасөспірімдердің арасындағы төбелесте ешкімге пышақ сұқпаса да, ұлы Арсеннің күдікті деп танылып, қасындағылардың куәгерлерге айналғанын түсінбей дал.

“Ешкімді қамаған жоқ. Бәрін жібере салды да, менің баламды қамап тастады. Осы уақытқа дейін бәрі қамалғанда, бәрінің анық-қанығы, кім өлітіргені, с ол жерде шығатын еді, ақ-қарасы. Олардың бәрі куәгер. Тек қана куәгер боп жүр. Менің балам оларды ертіп алып, сол жанжалға барып, менің балам тығып (пышақ – ред.), әңгіме сондай сияқты болып тұр. Әділеттік жоқ болып тұр. Соттың болып жатқанына да, мына жерде созып жатыр. Істің сотта жатқанына бақандай бес ай болды”, – дейді Әнуарбек Иманбеков.

Бір жасөспірім өлген атышулы істе бүгін тәуелсіз сарапшылар сотта жауап берді. Оқиға орнында табылған пышақта ешқандай қан ізі анықталмаған. Сондай зерттеу жүргізетін мамандар дәлел ретінде келтірген пышақтың қылмысқа қатысы болмауы да мүмкін деген ойымен бөлісті.

“Қылмыс жасаған қару әлі табылмады. Сонда қалайша оған негізсіз айып тағады? Іс біржақты қаралып жатыр деп есептейміз. Үш сарапта жасалды. Пышақты сүртіп, тазалағанның өзінде ДНК ізі қалады деген қорытындысын айтты. Алматыда жасалған сот-медициналық сараптамасы да ДНК ізі жоқ екенін көрсетті. Нақты дәлелсіз қалайша адамды соттауға болады? Жауапқа тартылған куәгерлердің ешқайсысы нақты менің қорғауымдағы жігіттің өлтіргенін көрдік деп айтпады. Сондықтан бұл іс бойынша жазықсыз адам сотталмауы тиіс”, – деп түсіндірді адвокат Әлібек Секеров.

Бұл істе тағы бір айғақ пайда болды. Кінәлінің айып тағылған Арсен емес, басқа жігіт екенін айтқан куәгердің аудиожазбасы табылыпты. Судья оған қатысы бар адамды келесі отырыста тыңдаймыз деген тоқтамға келді.

“Шақырып тұрып осы жерде тыңдауымыз керек. Біреу айтты деген, естідім деді ме, өзі көрді ме, айтсын осы жерде. Ашық сот отырысы болғаннан кейін сондай шешім болады”, – дейді судья Ерлан Болатов.

Отырыстың аяғы шуға ұласты. Бүгін куәгер ретінде жауап берген, сол төбелеске күдіктіні шақырған жігітке неге шындықты айтып, мойындамайсыңдар деген Арсеннің жақындары шүйлікті.