BANNER

Саран қаласының оқушылары Түркиядағы робототехника олимпиадасының еуразиялық кезеңінің чемпионы атанды

Қарағанды облысының әкімдігі

16–20 сәуір аралығында Анталияда Fibonacci EuroAsia Robot Olympiad халықаралық олимпиадасының еуразиялық кезеңі өтті. Саран қаласының оқушылары «Робофутбол» санатында бірінші орын алды.

Антон Евсеев пен Тимур Кәрімов 9 жаста. Екеуі де Саран қаласындағы № 17 мектеп-гимназиясында оқиды. Екі жарым жыл бойы балалар робототехникамен айналысады. Қазірдің өзінде бұл сабақтар үлкен нәтиже беріп келеді.

Fibonacci EuroAsia Robot Olympiad халықаралық олимпиадасына әлемнің 10 елінен – Әзірбайжан, Иран, Молдова, Филиппин, Түркия, Қазақстан және басқа елдерден оқушылар қатысты.

– Әрине, бәсекелестік өте жоғары, ал тапсырмалар күрделі болды. Бұл жай ғана джойстикті басқарғандай оңай көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, балаларда конструктор ғана болады, одан олар белгіленген шарттар бойынша роботты жинауы тиіс. Яғни бұл роботтың белгілі бір өлшемі, салмағы, конфигурациясы болуы тиіс. Содан кейін роботты да, джойстикті де бағдарламалау керек, олар «солға» түймесін басқанда солға бұрылатындай ету керек. Бұл әсіресе тоғыз жастағы балалар үшін оңай емес, – деді № 17 Саран мектеп-гимназиясының робототехника бойынша жаттықтырушысы Әсел Ақшалақова.

Оның айтуынша, оқушыларға Түркиядағы олимпиададағы қорқыныш пен толқуды жеңуге олардың жарыстардағы тәжірибесі көмектесті. Жас болғанына қарамастан, балалар RoboLand және FIRST LEGO League ойындарына қатысқан.

– Мен балаларды жарыстарға барынша жиі алып баруға, оларға әртүрлі қалаларды, мектептерді көрсетуге тырысамын. Олардың НЗМ, ІТ-лицей, Нұрмақов атындағы мектеп сияқты беделді мектептердің оқушыларымен тең дәрежеде өнер көрсете алатынын көрсеткім келеді. Егер мен бастапқыда олардың қысылғанын көрген болсам, енді ондай байқалмайды. Балалар егер күш-жігер жұмсаса, бәрін жасай алатынын түсінеді. Мен олардың білімі мен күш-жігері оларға әлемді ашатынын дәлелдегім келеді, – дейді жаттықтырушы.

Жеңімпаздардың ұстазы атап өткендей, мектептегі информатика пәні мен робототехника кабинеттерін заманауи жарақтандыру арқылы чемпиондарды робот техникасы бойынша жаттықтыру өз септігін тигізеді.

– Біздің директор бұған көп көңіл бөледі. Егер мамандандырылған облыстық және коммерциялық мектептерді ескермесек, онда біздің жарақтандыру барлық облыстағы ең үздіктердің бірі. Жәнеде ол бірінші рет осындай тамаша нәтижелер әкеліп отырған жоқ, – дейді Әсел Ақшалақова.

Алда Тимур мен Антон есімді чемпиондар Италияға, Fibonacci Olympiad әлемдік кезеңіне барады.

Ал жаттықтырушы Әсел Ақшалақова оларды және гимназияның басқа да оқушыларын жаңа жеңістерге даярлауды жалғастырады.