BANNER

Талғардағы бассыздық: Хасан Қасымбаев 8 жылға сотталуы мүмкін

-

«Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстың жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевтан зардап шеккен Арман Әлімовтың анасы баспасөз конференциясында оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Әлімовтың анасының айтуынша, Хасан Арманның басқа ауданның адамдарын оған қарсы қойды деп ашуланған. Осыдан кейін Хасанның адамдары Арманның үйін аңди бастаған, кейін оны ұрып-соғып, көлікке салып алып кеткен.

«Қазан айының соңында бізді Алматы облысының полиция департаментіне ескі іс бойынша шақырып, қайтадан жауап алды. 2021 жылғы 17 маусымда ұлымды соққыға жығып, ұрлап әкетті. Оны адам жоқ жерге апарып, соққыға жығып қинаған. 3 жыл бойы сот процестері жалғасты, енді іс қайта ашылған сияқты. Біз куәлік бердік, ал ұлым қылмысты ұйымдастырушы ретінде Хасан Қасымбаевты көрсетті», – деді Әлімовтың анасы.

Оның айтуынша, Әлімовты ұрып-соғып ес-түссіз айдалаға тастап кеткен. Есін жиған соң, ол інісіне қоңырау шалған. Інісі оны алып кетіп, ауруханаға жеткізгеннен кейін үйінде оларды полиция қызметкерлері күтіп алған екен. Сонымен қатар, Арманды ұрып-соғу кезінде Хасан видеобайланыс арқылы барлығын бақылап отырған. Кейін ол өзі де оқиға орнына келіп, кейіннен қалғандарымен кетіп қалған.

«Ұлым 3 апта бойы ауруханада жатты, осы уақыт ішінде полиция тарапынан оған арыз бермеу үшін қысым көрсетілді. Алғашында іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды, бірақ қоғам тарапынан қысым болғандықтан, ол адам ұрлау бабына ауыстырылды. Айқын дәлелдерге қарамастан, әділдікке қол жеткізу ұзақ уақытқа созылды. Тергеуде көптеген заңбұзушылықтар болды», — деді жәбірленушінің анасы.

Сондай-ақ, кінәлілер бастапқыда бұзақылық бабы бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, тергеу изоляторында болған уақыт есепке алынып, олар сол сәтте-ақ бостандыққа шығарылған. Іс айыпталушылар басқа қылмыспен ұсталғанда ғана қайта қаралыпты. Оларды адам ұрлады деп айыптап, топ болып адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін тағы 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қосылды.

Осы айдың басында Арман Әлімовті полицияға қайта шақырып, Хасан Қасымбаевқа қатысты тағы да сұрақтар қойған. Енді Қасымбаевты адам ұрлау және ауыр дене жарақатын қасақана келтіру бабы бойынша 7-8 жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.