BANNER

Мейіржан Төребаев жазасын өтеуді Алматыда жалғастырады

Видеодан скриншот

Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын өтеу үшін Павлодардан Алматыға ауыстырылды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың Алматыға ауыстырылғанын растады. Сонымен қатар, олардың Алматыға ауыстырылуының себебі мерзімінен бұрын босату туралы өтініш болуы мүмкін деген болжам расталмады. Төребаевтың қорғаушысы Жанна Оразбақова Orda.kz тілшісіне «Мейіржан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш берген жоқ», – деп жауап берді.

Қорғаушысы Жанна Оразбахованың айтуынша, Төребаев жазасын жақын туыстарына барынша жақын жерде өтеу құқығын пайдаланды.

«Заң бойынша туыстық байланыстарды сақтау үшін осындай мүмкіндік қарастырылған. Егер туыстары Алматыда тұрса, олардың өтініші бойынша адамды Алматыдағы мекемеге ауыстыруға болады. Төребаев тергеу мерзімін ескере отырып, 5 жылдық жаза мерзімінің 3 жылдан астамын өтеп шықты», – деді Жанна Оразбақова.

Еске сала кетейік, вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 2023 жылдың маусым айында 5 жылға сотталған болатын. Олар Mudarabah Capital және Astex.kz қаржы пирамидаларын құру ісі бойынша айыпталды. Олармен бірге тағы 9 адам алты жылдан 14 жылға дейінгі мерзімге сотталды.