BANNER

Ермағанбет Бөлекпаев Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен кездесті

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен онлайн-кездесу өткізді. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, қолда бар бос жұмыс орындары туралы айтып, басым салаларды атап өтті.

– Біз Қарағанды облысына білімді және әлеуетті қызметкерлерді тартуға мүдделіміз. Сіздердің әрқайсыларыңыз еліміздің игілігі үшін адал еңбек ете алатындарыңызға сенімдімін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Біздің өңірде жергілікті атқарушы органдардың жұмысына тікелей тәуелді бірқатар әлеуметтік маңызды жобалар іске асырылуда. Біз 18 жасқа дейінгі балалардың автобустарда тегін жол жүруін іске ісырдық, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз, өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін мамандарды мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша дайындаймыз. Мұның бәрі облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Онлайн-отырысқа 50-ге жуық резервшілер қатысты. Олар кездесудің ақпараттылығы мен пайдалылығын атап өтіп, кадр саясаты мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар айтты.

Кездесуді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының бастамасымен әр өңірде талантты жастар арасынан жас басқарушылар пулын қалыптастыруға бағытталған өңірлік кадрлық резервтерге алғаш рет іріктеу жүргізілді.