BANNER

Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді

Ақорда

Мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосуы керек.

Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды. Осы орайда Amanat партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ерекше атап өткім келеді.

Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым.

Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияладым. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етеміз деп сенемін».