Жауырыны жерге тимеген...

Суреттер: Ж.Жандығұловтың мұрағатынан

Екі күнде 36 белдесу өткізген. 18 жасында «КСРО спорт шебері» атағының нормативін орындаған. Еркін күресте нағыз нәтиже беретін, шеберлік пен тәжірибе тоғысып, ер жігіттің балуан ретінде әбден толысатын шағында, яғни, небәрі 26 жасында күреспен қош айтысқан. Жарақаттың кесірінен күрестен амалсыз кеткеніне өзегі өртенсе де, тағдырдың сынағына қасқайып қарсы тұра білген. Боз кілемнен кеткенімен, бапкерлік жолда біршама жетістікке жеткен. Мұның бәрі еркін күрестен КСРО спорт шебері, Орта Азия кубогының екі мәрте иегері, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы – Жұмабай Қалижанұлы Жандығұлов жайында.

Ж.Жандығұлов

Еркін күреске барын беріп, елдің намысын жыртқан ерлердің бірі, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Орта Азия кубогының екі мәрте иегері, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы – Жұмабай Қалижанұлы Жандығұлов есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Белгілі балуан 1964 жылы 12 наурызда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Табиғатынан сыпайы, көзге түсуді, көлгірсіп мақтануды суқаны сүймейтін Жұмабай балуан көпбалалы отбасында туып өсті. Анасы жиырма бір құрсақ көтерген. Жұмабай бұл дүниеге алтыншы болып келген. Әкесі марқұм отыз жетінің зұлматында сотталып кетіп, елге елуінші жылдары оралыпты. Сотталғанға дейін есепші еді, қапастан оралған соң дін жолына біржолата түсіп, Ақтоғайға аты мәшһүр молда болды.

Ж.Жандығұлов

Жұмабай жасынан спортқа бейім болып өсті. Ауылда жүргенінде спорттың көп түріне икемді болды. Болайын деп тұрған баланың бойындағы спортқа деген құлшынысты оятқан Аспандияр Мұқанов деген азамат еді. Өзі «Спорттың әліпбиін үйреткен осы кісі» деп алғашқы бапкерін әркез құрметпен еске алып отырады. Ең алғашқы жарысының бірі – 1979 жылы Ақтөбеде өткен мектеп оқушыларының спартакиадасы еді. Қарсыластарының бәрін қирата жығып, топ жарған. Тоғызыншы сыныпта жүргенінде қырық төрт келі салмақта Қазақстан бойынша «Бірінші нөмірлі» балуан атанды. Сол кездің өзінде Кеңестер Одағының бірқатар қалаларындағы боз кілемде күресіп, жүлде алып жүрді. Спорт мектеп-интернатын бітірген кезінде Жұмабайдың төсінде «КСРО спорт шеберлігінен үміткер» деген белгі болды. Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы бүкілодақтық турнирде өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Ақтық айқаста он сегіз жастағы бозбала жігіт Валерий Самакиш деген балуанға тап болып, ұпай санымен есе жіберген. Айта кету керек, сол кездегі Нұркен турнирінің атақ-даңқы жер жарып тұратын. Негізі бұл турнир Тбилисиде өтетін дәстүрлі «Әлемнің кіші чемпионатының» алдындағы аса ірі іріктеу додасы болатын. Сөйтіп, алпыс сегіз келі салмақта күміс медальді жеңіп алған Жұмабай «КСРО спорт шебері» атағының нормативін орындап, сол кезде екінің бірі қол жеткізе алмайтын асуды бағындырған болатын.

Ж.Жандығұлов

Жұмабайдың атағы 1990 жылы Моңғолияда өткен дәстүрлі моңғол күресі жарысынан кейін дүрілдеп шықты. Айналдырған екі күннің ішінде ол отыз алты белдесу өткізді! Түбі бір тамырлас халықтардың мықты балуандары түгел жиналған дүбірлі додада ол моңғолдың небір дүлдүл балуандарын қирата жеңіп, қазақ деген халықтың құдіретін айдай әлемге паш еткен болатын. Жұмабай күреспен жиырма алты жасында қош айтысты. Бұл – 1990 жыл болатын. Белдесіп жүріп, күрделі әдіс жасаймын деген сәтінде мойын омыртқасы кілт ете қалған. Ол бір өміріне қатер төндірген ауырлау жарақат-тұғын. Бір жылдан кейін күреске қайтып келмек ойы болған еді, дос-жаран болар да болмай ол райынан қайтарды. Жалпы, оның көңіл шіркіннің кейбір алабұртқан сәттерінде жарақаттың кесірінен күрестен амалсыз кеткеніне өзегі өртене өкінетіні бар. Жиырма алты жас дегеніңіз – еркін күресте нағыз нәтиже беретін, шеберлік пен тәжірибе тоғысып, ер жігіттің балуан ретінде әбден толысатын шағы. Амал нешік, тағдырдың жазуы осылай болды. Боз кілемнен кеткенімен күреске жіпсіз байланып қалған-тұғын. Бапкерлікпен айналысып, бұл жолда да біршама жетістікке жетті. Өзінің білгені мен мол тәжірибесін боз кілемде күресуге бейіл танытқан балалар мен жастардың бойына сіңіре білді. Әріптестерінің ғана емес жалпы халықтың алдында мерейі көтеріліп, ізін басқан інілеріне үлгі бола білген Жұмабай Жандығұлов бүгінде асқаралы алпыс жастың асуын бағындырып отыр.