BANNER

Қарағандылық боксшылар Азия чемпионатында алтын, күміс және қола медаль еншіледі

Қарағанды облысының әкімдігі

Таиландта бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Ұлттық құрама сапында үш қарағандылық спортшы жеңіс тұғырына шықты.

Аида Әбікеева алтын медаль алды. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде оған ешкім тең келмеді. 

 Ол соңғы жекпе-жекті вьетнамдық Ха Линге қарсы өткізді және төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

– Жекпе-жек өте оңай болды. Қазақстанның Туын көтеру үшін жақсы көңіл-күймен шықтым. Қазақстандықтарға, менің отбасыма көп рахмет! –  деді спортшы сұхбатында.

Құрлықтық біріншіліктің жеңімпазын Елдос Сайдалин мен Ғалымбек Кенжебаев жаттықтырады.

Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілі Милана Сафронова қола жүлдегер атанды.

Ал боксшы Абылайхан Жүсіпов күміс жүлдеге ие болды. Финалдық жекпе-жекте спортшының қарсыласы 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі өзбекстандық Хавасбек Асадуллаев болды. Бірінші раундта төрешілер біздің жерлесімізге 4:1 есебімен артықшылық берді. Осындай артықшылықты екінші раундта төрешілер Хавасбек Асадуллаевқа есептеді.

Ал шешуші раундта өзбекстандық тағы да жеңіске жетті. Нәтижесінде Абылайхан Жүсіпов күміс медаль иегері атанды.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша