BANNER

Ақтөбені дүрліктірген ақпараттан кейін 50 мыңға жуық оқушы мектепке бармай қойды

pixabay.com

Ақтөбе қаласында ата-аналар кешегі елді дүрліктірген ақпараттан қорқып, балаларын сабаққа жібермей қойды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтөбе қаласындағы мектептерде қылмыс жасалатыны туралы хабарлама тараған болатын. Полиция терроризм актісі туралы жалған мәлімет таратқан адамды анықтады. Ол жақын шет елдердің бірінің 18 жастағы тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары алаңдауға негіз жоқ екенін хабарлады. Соған қарамастан, бүгін ата-аналар балаларын сабаққа жібермей қойды.

Облыстық білім басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, Ақтөбе қаласында 119 мектеп бар. Онда бірінші ауысымда барлығы 57 924 бала оқиды.

"Бірінші аусымда оқитын балалардың ішінен тек 8 558-і мектепке барды", - дейді басқарма мамандары.

Ал, полиция департаменті алаңдауға негіз жоқ екенін тағы бір мәрте еске салды. Білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр. Сондай-ақ, бейнебақылау жүйесі арқылы қадағалау шаралары күшейтілді.

"Ақтөбе қаласында жағдай тұрақты, алаңдаушылыққа негіз жоқ. Жасақтар білім беру ұйымдарына барынша жақын. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді және тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз", - деді Ақтөбе облысы ПД-нің баспасөз қызметі.