Алматы облысында 15 жастағы оқушы қыздан ақша бопсалаған жасөспірімдердің ата-анасы жазаланды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Пд бастығының хабарлауынша, Қарасай ауданының полиция қызметкерлері 15 жасар оқушыдан ақша бопсалауға қатысы бар кәмелетке толмаған қыздардың ата-аналарын анықтап, жауапкершілікке тартты.
"Тергеу барысында кәмелетке толмаған қыздардың құрдасына психологиялық қысым көрсетіп, одан ақша талап еткені анықталды", - делінген жазбада.
Құқық бұзушылардың жасын ескере отырып, полиция ата-аналарын бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тарту бойынша жұмыс жүргізді. Бұл факт Қарасай ауданының полиция басқармасында тіркелді, іс материалдары одан әрі қарау үшін сотқа жөнелтілді.
"Қазіргі уақытта ювеналды полиция қызметкерлері тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ болашақта мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда", - деп қосты Әленов.